Здесь и сейчас

Всего статей в разделе: 40
28.08.2020
Просмотров: 764

Замандарды жалғастырған Заңғар!

Ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбаев көшпелі өркениеттің қоштасу көші заманында қазақ халқын тарих бетінен жойылып кетуден құтқарудың жолын тапты.

Үстіміздегі жылы әлем жұртшылығы ақын, композитор, философ, ағартушы және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуын атап өтеді. Мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезбен әңгіме Абайдың күні бүгінге дейін өзектілігінің сыры неде жатқандығы туралы болды. – Мұрат Мұхтарұлы, Сіз – Қазақстанда белгілі қоғам қайраткерісіз, жазушы, мәдениеттанушысыз. Сонымен қатар сіз әлемге Абайды танытқан адамның ұрпағысыз. Мұхтар Әуезов әйгілі Абай жолы прозалық поэмасының авторы ғана емес, сонымен қатар Абайдың шәкірті, оның ізбасары. Биыл 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында атап өтілетін Абай Құнанбаевтың шығармашылығымен алғаш рет танысқан адам нендей нәрсені білуі керек?

– Абаймен танысуға талпынған әрбір жанға менің айтарым нық: Ол – шын мәнінде Ұлы. Бұл қандай да бір нәрсені жасап алып, сосын оны әбден сәндеп әлек болатын жалаң патриотизм емес. Бұған көз жеткізу үшін Абай – қазақ халқының құтқарушысыдеген ұғымның ауқымына енетін өткен кезеңдерге тереңдеп еніп көрелік.

Көшпенділер өркениеті үшін жаңа дәуірге дейінгі баспалдақ жол біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтың ортасында, яғни, қола дәуірді темір дәуірі ауыстырған кезеңде ашылды. Аттың тез тот басып қалатын қола ауыздықтарының темірге ауысуының арқасында жылқы орасан зор кеңістіктерді бағындыру құралына айнала бастады. Ерте және ортағасырлық көшпенділердің пассионарлық энергиясы біртіндеп әлсіреді. Олардың мекендейтін жерлері басқыншылық пен отаршылық объектілеріне айналды. ХІХ ғасырдағы қазақтар үшін бұл процесс қайғылы да қасіретті жылдар болды және олар бұл тығырықтан шығар жол таппады.

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басын, яғни Абай өмір сүрген дәуірді көшпелі өркениеттің қоштасу көші деп атауға болады.

Бұл кздері ұлы ақындар, музыканттар, рухы биік тұлғалар қазақ халқын жер бетінде сақтап қалудың жолын іздеп, барынша тырысып бақты. Олардың ішінде – қазақтардың 1837-1847 жылдары Ресей империясынан тәуелсіздігі үшін ұлт-азаттық көтерілісінің көшбасшысы, қазақтың соңғы ханы Кенесары. Ұлы жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлы, ақын Шернияз Жарылғасұлы – екеуі де Бөкей хандығындағы көтеріліске қатысып, халықтың тәуелсіздігі мен бостандығын жырлады, атақты Үш қиян эпикалық поэмасында патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелеген Мұрат Мөңкеұлы, дарынды композитор, ақын және әнші, өлеңдерінде тек махаббат пен әсемдікті ғана емес, сонымен қатар жаңа ұлттық элитаның озбырлығы мен сатқындығын әшкерелеген Біржан Қожағұлұлы. Олардың барлығы көшпелі өркениеттің қоштасу көші дәуірінде өмір сүрген.

Қазақ қауымының Абай тұлғасына деген қызығушылығы ХХ ғасырдың басында ерекше арта түсті. Абайға қызығушылардың басым көпшілігі Алаш партиясының мүшелері болды. Олар Абайды өзінің рухани көсемі деп таныды. Жас Мұхтар Әуезов те осы ортада қалыптасып, бекіді.

ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы ұжымдастыру тұсында Қазақстанда халықтың үштен бірінен астамын жалмаған алапат ашаршылық болды. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннен аман қалған ағартушылар мен жазушылар күйреген әлемді, қазақтың көшпелі өркениетін халықтың тарихи санасынды сақтап қалуды өздерінің азаматтық парызы деп санады. Міне, сол жылдары Мұхтар Әуезов кейін қазақ халқы өмірінің энциклопедиясы аталып кеткен Абай жолы романын жазды. 2019 жылы әлем жұртшылығы 125 жылдығын атап өткен Ілияс Жансүгіровтың Қазақстандағы ұжымдастыру кезеңінің қасіреті туралы ұлы туындысы – Құлагер поэмасы дүниеге келді. Бұл екі шығарма да Бар болу, немесе бордай тозу жағдайындағы жанайқай еді. Тамырдан аққан қан мен тәннен шыққан жанға жақын Сөз.

Мұхтар Әуезов ол кездері елге танымал жазушы, драматург, аудармашы ретінде қалыптасып қалған болатын. Соған қарамастан, ол бәрін тәрк етіп, Абай жолы роман-эпопеясын жазуға кіріседі, себебі атты-көшпелі әлем қирап, мүлдем жойылып кету алдында тұрды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, осы қайғылы және нағыз ақырзаман кезеңдердің келетіндігін Абай өте жақсы сезінді. ХІХ ғасыр – патша үкіметінің Қазақстандағы хан билігін жою кезеңі, 1867-1868 жылдары Қазақтарды басқару туралы ереже енгізілген және сол Ереже негізінде жаңа тәртіп орнатылған қилы кезең. Осының бәрі ғасырлар бойы қазақ қоғамын сақтап тұрған негіздің жойылуына әкелді. Бұл қайғы мен қасіретке толы зарлы заман болды, сондықтан халық бұл кезеңді Шортанбай Қанайұлының Зар заман жырының атауымен атап кетті. Бертінірек қазақ ақын-жырауларының экономикалық, саяси және мәдени отарлауға қарсы наразылығын жырлаған Зар заман әдеби ағымы пайда болды. Бұл ағымның ақындары өткенді дәріптеп, ертеңді өксітіп жырлады, себебі олар ұлтты сақтап қалудың жолын таппай шырылдады. Олар ақырзаман ақындары болды. Абай осы тығырықтан шығар жолды тапты, сондықтан да біз оны қазақ халқының құтқарушысы деп атаймыз.

Даланың дәнекері

– Сонда Абай қоғамға дәуірлерді біріктіру үшін келген бе? Мұның қалай болғанына тоқталсаңыз.

– Осы жерде айта кету керек, Қазақ өркениеті – қола дәуірінен бері қалыптасқан ежелгі өркениеттердің бірі. Қоланың

орнына темір дәуірі келді, үлкен кеңістікті игеру басталды, сол тұста көшпелілердің таралу аймағы ғана емес, сонымен бірге Еуразия кеңістігіндегі көптеген халықтар мен өркениеттер бір-бірімен өзара байланыстары да кеңейе түседі. Оның ішінде Қытай, Солтүстік Үндістан, Иран, араб тілді және ежелгі грек әлемі. Гумилев Еуразия кеңістігі деп атаған кеңістік. Жібек жолы ашылды, қытайлар Ұлы Қорғанды тұрғыза бастады, әлемдік діндер пайда болды, мифтердің орнына тарих пен философия ілімдері келді. Еуразия әлемінде зияткерлік толқу қарқын алды, динамика мен статика заманның басты проблемасына айналды. Бірақ XV ғасырдың ортасынан бастап көшпелілердің құлдырауы басталды. Ұлы географиялық ашылулар дәуірі басталып, көшпенділер мекен еткен аймақтар шагрен терісі сияқты жиырылып, қысқара бастады. ХІХ ғасырға қарай біз көшпелі өркениеттің қоштасу көші деп атаған кезең басталды.

Үлкен кеңістіктің философиясы, ұлы поэзиясы мен музыкасы, жол философиясы мен табиғатпен қарым-қатынас канондары тарих бетінен мүлдем жойылып кету қаупі алдында тұрды. Міне, осы тұста бұған тағдырдың өзі қарсы шығып, ата-бабамыздың ғана емес, адамзат әлемінің бүкіл мәдениеті мен руханиятын бойына сіңірген, дарыны кемел, ғұлама Абайды тарихи аренаға шығарды. Ол өткен мен жаңаның байланыстырушы буыны болды. Бұған қазақ даласына ұзақ уақыт қоныс аударған миссионер сопылар да көмектесті, олар далаға мұсылмандық ренессанс дәуірінің ілімін әкелді, соның арқасында Абай Платон, Аристотель ілімдерімен сусындады, араб тілін білді, алғашқы өлеңдерін парсы тілінде жазды. Мұнда Абайдың туған жері Семейдің патша билігіне қарсы шыққан революционерлердің – жан-жақты білімді адамдардың барынша көп жер аударылған өңір болғандығы да маңызды. Абай олардың еңбектерімен танысып, олардан өзін толғантқан сұрақтарына жауап іздеді. Тағдыр кейбір адамдарды даралап, оларға өзгеден ерек мүмкіндіктер беретін болуы керек. Абай, міне, дәл сол тағдырдың өзі таңдаған адамдардың қатарында болып шықты: ағартушы философ, кемел ақын, музыкант және композитор, аузы дауалы шешен және төрелік би.

Ол қайғы-қасіретке толы Зар заман форматында өмір сүре алмайтын еді, тағдыр оған басқа миссияны тағайындады, осы арада ол сопылық философиясымен терең айналысады. Оның алдында да Гамлеттің Бар болу, немесе бордай тозу мәселесі тұрды. Шәкірттерін, ізбасарларын дайындауға кірісті, өзі де шәкірт бола білді. Абай қара сөздерін жазуға кірісті.

Тағдыр адамды туған халқының тарих бетінен жойылып кету жағдайына әкеліп тіреген тұста, оның санасын үлкен өзгерістерге әкеледі. Абайда да тура осындай жағдай болды. Ол халқының санасына жатық керемет өлеңдер жазады. Оның ағартушылық ұмтылыстарын Даланың өзі ықыласпен қабылдады: халық балаларын сол кездегі заманауи білімі бар мектептерге бере бастады, мұндай мектептер мен оларды қолдаушы меценаттар Қазақ даласының барлық жерлерінде ашылды. Халықты жаппай ағарту жұмыстары жүре басталды. Көптеген жас қазақтар оқу-білім қуып, Петербор мен Мәскеу қалаларына аттанды, олардың қатарынан кейін «алашордалықтар» өсіп шықты.

Ұлы Кенесары хан басын құрай алмаған Даланы Абай біріктірді. Ол халықты жұмылдырып, оның кеудесінде үлкен тарихи уақыттағы ұрпақтар арасындағы байланыс сезімін оятты. Абайдың уақыт мерзімінің өлшемін «заман» және «замана» деп қарастыруы да мүлдем кездейсоқ емес. Ол үшін ең маңыздысы – заманалар белесіндегі туған халқының тағдыры. Абайдың өз қазағын өлімсірете сынауының сыры да осында жатыр. Бұл жерде ол жауға шапқан шағын әскердің қолбасшысы сияқты, мақсат – тек қана жеңіп шығу.

Қазақ даласының барлық ауылдарындағы балалар Абай өлеңдерін жаттап, оның әндерімен сусындап өсті, олар Абай салған ұяның балапандары еді. Кезінде Семейде отаршылықтың керемет игілігі – экономикалық еңбектер мен қоғамдық-саяси трактаттарға бай кітапханалар болды. Осындай мүмкіндіктерді толығымен пайдаланған Абай уақыттың тегеурінді қатеріне ағартушылық міндетін қарсы қойды. Нәтижесінде халық оянды, ал Абай жаңа қазақтардың рухани көсеміне айналды. Зұлмат жылдарында Абай руханиятынан нәр алып өскен қазақ зиялыларының түгелге жуығын жойып жіберді, соған қарамастан оның рухани байлығы бұл қырғыннан да аман шықты. Халық Абай мен оның ізбасарларының өлеңдерін жатқа оқыды, бұл халықтың дәлдеп келген ажалмен арпалысып, әрі қарай өсіп-өркендеу қабілетінің ғажап дәлелі еді. Ал бүгін Абайды оқып, әндерін тыңдаған әр қазақ оны халықтың құтқарушысы ретінде қабылдайды. Абай – ежелгі көшпелі халықты, бірегей дүниетанымы мен кеңістік сезімі бар атты-көшпелі әлемді сақтап қалған өркениеттік қайраткер. Қазақстанның бүгінгі жастары Абайға тәнті.

Абайдың Максимасы

– Қазақстанда және бүкіл әлемде Абайдың 175 жылдығына арналған көптеген іс-шаралар өткізілуде, ақын мен ойшылды құрметтеуге қомақты қаржы бөлінді. Абай – ақын, яғни, халықтың жыршысы. Мерейтойды тойлауға халықтың көзқарасы қандай?

– Абайдың мерейтойына арналған іс-шараларға мемлекеттің қанша ақша бөлгендігі маңызды емес. Оның шығармашылығы, ойлары мен идеяларын жаңғыртып, насихаттаудың ерікті формалары шығып жатыр. Жақында теледидар мен радиодан Абай жолын қазақ тілінде оқу шарасы бастау алды. Мұхтар Әуезовтің ұлы болғандықтан болар, шараны мен бастап, алғашқы екі бетті оқыдым. Қатысушылардың саны 525 адам, олардың жас мөлшері де, мамандықтары да әртүрлі. Осыдан шабыт алған Алматы қаласындағы автомеханиктер дайындайтын колледж студенттері Мұхтар Әуезовтың романының Анатолий Ким жасаған жаңа аудармасын орыс тілінде оқу акциясын ұйымдастырып жатыр.

Қазіргі жастар арасында туған жерінің әр тау-тасын, өзен-көлі мен даласын, халқын сүйіп, жойылып кетпеуін аңсаған Абай туралы түсінік қалыптаса бастады. Оның сөздері тіпті оқуды ұнатпайтындардың да түйсігіне жетіп, түсіну-түйсіну сезімін оятады. Тіпті Абайдың бір сөзін кездейсоқ естіп немесе көзі шалып қалған әр адам оның оқырманы мен табынушысына айналары сөзсіз. Адамдар қай жерде өмір сүрсе де, адам баласының өміріне қауіп төнген, мысалы, қазіргідей індет жайлаған, болашағы бұлыңғырланған тұста көмекке тағы да Абай, оның өміршең терең философиясы мен сенімі, адамгершілігі келеді. Абайдың ең басты ұстанымы – қандай жағдайда да адам болып қалу. Абай ерекше қошеметті қажетсінбейді, оның ешкімге де керегі жоқ. Ол онсыз да – әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Қазір Абай туралы деректі фильм жасалып жатыр, онда біз осы сұхбатта айтып отырған тұжырымдамалық мәселелер ашылады. Абай қай заманда да – білім мен биік адамгершілік құндылықтары арқылы, санасы саралы шәкірт тәрбиелеу арқылы ұлттың сақталып қалуының тәмсіл тәлімі.

– Оның шығармаларының түрлі тілдерге толассыз аударылуы бүкіл әлемде Абай шығармашылығына деген терең де шынайы қызығушылық бар екендігін растайды. Яғни, Абайдың кітаптары шет елдерде де өз оқырмандарын тапты деп айта аламыз ба?

– Жақында ғана Анатолий Ким Абайдың Қара сөздерінің жаңа аудармасын жасады. Биылдың өзінде әлемнің оннан астам тілдеріне аударылды, әлі де жалғасуда. Иә, Абай адамдарды шын мәнінде, қатты қызықтыра бастады. Оның мәнісі Абай туралы айтқанда, әлем тарихының бастауларының бәрі тартылады. Оның Қара сөздері – тұнып тұрған сұрақ, ақыл да, ар-ождан да мазасыздана сұраққа жауап іздейді. Сондықтан Қара сөздер – Максима, рухани биік туынды. Кітап, мысалы, қытай тіліне тура осылай аударылған. Стилистикалық тұрпаты бойынша Абайдың бұл шығармасы қытай әдебиетіне өте жақын, мен оны Қытайда дипломат болған кезімде жақсы түсіндім. Нидерланд тілінде аударма әдемі шықты. Біз бір нәрсені ескеруіміз керек. Кез-келген аударма аударылатын тілде оқитын адамдарға қажет болған жағдайда ғана жақсы болып шығады.

Абай жойылып кетудің алдында тұрған халық туралы айтқан. Бұл проблема күні бүгінге дейін көптеген халықтар үшін өте өткір де өзекті. Осындай қысылтаяң тұста не істеу керек – міне, Абай осыған үйретеді. – Қазіргі Қазақстан үшін Абайдың идеялары мен ойлары қаншалықты өзекті?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай туралы мақаласында сана-сезімнің тазалығы үшін және халықтың бойындағы келеңсіздіктерге қарсы күресу қажеттігін айтады. Империялық және тоталитарлық режим өз азаматтарының санасында бөлшектеп, ішінара ойлауды қалыптастырды, ондай қоғамды басқару оңай болды. Мұндай қоғамда қашанда тыйым салынған тақырыптар болады: бірін есте сақтап, екіншісін ұмыту керек деген сияқты. Мысалы, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы халықты баудай қырған ашаршылық, зұлмат трагедиялары туралы айтуға тыйым қойылды. Бірақ нақты сана фрагментті бола алмайды және болмауы керек, тек сонда ғана ол ашық бола алады. Қазақ халқының, қазақ этносының өмір сүруі үшін бұл өте маңызды. Фрагменттік, бөлшек сана тек тоқырауға әкеледі. Жоғары этика, мораль сыртта қалып, өтірік, өсек, мақтаншақ сияқты адами кемшіліктер бірінші орынға шығады. Абай нақ осы нәрселерге ерекше мән берген. Абайдың толық адам деген тұжырымдамасы бар. Ол тіпті де семіздік мағынасында емес, жаны бай, түрлі қыр-сырлары қамтылған нағыз адам. Абай да, одан кейінгі ұрпақ – біз де сыры да санасы да жартыкеш адамдар ортасында өмір сүрдік, ал қазір біз адам санасының толық та жан-жақты дамуына ықпал етіп, өмірді де, ортаны да жан-жақты, толыққанды қарастыру үшін күресуіміз керек. Ұлт рухани жағынан осындай толық адамдардан құралғанда ғана мәңгі өмір сүреді. Жұбан Молдағалиев ақын Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген дейді. Қазақты ұлт ретінде сақтап қалу, Қазақстан тәуелсіздігін қорғау мәселелері халық тарихында бір емес, бірнеше рет көтерілген. Абай – қазақ халқының топырағындағы ылғал, ол оның өлуіне жол бермейді. Еліміздің күрделі геосаяси жағдайы қай замандарда да билік басындағылар алдына күрделі міндет қойды, ол бола да бермек. Қазақстан көптеген мемлекеттердің мүдделері аймағына кіреді, сондықтан саясат көп векторлы ғана емес, сауатты болуы керек, ол Қазақстанға қазіргі геосаяси кеңістікте тең дәрежеде өмір сүруге көмектеседі. Бұл оңай шаруа емес.

Абайдың ұлы мектебінің арқасында түрлі қуғын-сүргіндерден тірі шығу қабілеті қазақтың жаңа ұрпақтарының бойында да қалыптасуда.

Абай өз халқы үшін Мәсіх болды. Сондықтан ол – әр қазақтың жүрегі мен жадында мәңгі.

Аударған Қалдыгүл Жаныбаева QAZAQ ADEBIETI.-№32, жұма, 28 тамыз 2020 жыл

Сұхбаттасқан Лейли Ваисова

https://profile.ru/culture/chelovek-soedinivshij-epoxi-343691/