Здесь и сейчас

Всего статей в разделе: 40
27.12.2018
Просмотров: 1367

Асқар Сүлейменов - 80

Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері:

АСЕКЕҢ КЕЛСЕ, ҮЙДЕ ДОМБЫРА ТҰРУЫ ШАРТ ЕДІ

– Асқар Сүлейменовке арналған күндерді пайдаланып, Асекеңе ерекше алғысымды айтайын деп едім. Осында біздің біраз достарымыз отыр, солар куә, кезінде Мәскеуде оқып жүргенде «Жас тұлпар» ұйымын құрдық. Ол осы ұйымның атауына ерекше мән берген еді. Біз жастармыз, өзіміздің ойларымыз бар, ұлтжандылығымыз бар, бұның барлығына Асекең қызыққан болу керек, айрықша әсер еткен болу керек, әйтеуір соған үлкен мән берді. Бірде «Жас тұлпардың» атын өзгертеміз бе деген де қиын жағдай туды. Сонда ол «А назовите себя чартистами», – деді. Сонда ешкім не екенін түсінбейді, ешкім тиіспейді дегені ғой. Сол Мәскеуде жүргенде азаматтық талпыныс, ізденістерімізге Асекең ерекше көңіл бөлген еді. Қазақта Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбаев секілді үш мықты сыншы бар дегенді еститін едік. Олардың сыншылығы «Жұлдыз» журналының беделін көтерді. Әдеби процесте ол кезде аздап өзгерістер бола бастаған, бостандық туралы, т.б. нәрселер ептеп айтыла бастаған. Әдебиетте кейде болып жатқан өзгерістерге ол кісілердің әсері үлкен болған. Олардың шығармашылық дарыны, ағартушылық, азаматтық көзқарасы өрелі еді. Асекең менің қазақ қоғамы жайлы жазуыма жол ашқан адам. «Жұлдыз» журналына ұсынған мақалам Асекеңнің аудармасымен шықты. Аға-досым болды. Мәскеуден «жастұлпарлықтар» біртіндеп елге оралдық. Осы жерде бір-бірімізді тез таптық. Арамызда суретші Салахитдин Айтбаев, археолог Алан Медоев бар, жақсы бір орта қалыптасты. Солардың ортасында жүрген, соның ұйытқысы болып, барлығымызды сыртқа теппей, асфальт балалары, шала қазақтар демей, рухани көсеміміз, ұстазымыз болған – Асекең еді. Қазақшаға шорқақтау, қазақ мәдениетін онша білмейтін азаматтар бір ортаға жиналғанда, Асекеңнің ерекше әсерін сезіндік. Әрқайсымыздың үйімізде домбыра пайда болды. Өйткені Асекең келеді дегенде үйде домбыра тұруы шарт еді. Үйіңе келгенде, қонақжайлығыңа мән беретін. Ал егер үйіңде домбыраң болмаса, онда Асқарша сын айтады. Сондықтан бізді қазақыландыру процесін сол кісі саналы түрде жүргізді дей аламын. Оның артында үлкен азаматтық тұр. Оның азаматтығын алғаш таныған Ғабең, Ғабит Мүсірепов болды. Ғабең өзі сері ғой, оның әр заты баяғыдағы серілердікіндей, шақшасы, киімі бәрі ерекше. Ғабең балдағы пілдің сүйегінен жасалған қайқы қылышын Асқарға сыйлады. Жасы келген адам жап-жас жігітке соны сыйлады. Ол – рухани биік ортаны сақтап қалатындай тұлғалардың болғанының дәлелі. Ғабең қай жағынан алсаңыз да классик жазушы. Өмірді жақсы білді. Талай қиын кезеңнен өткен Ғабең ештеңеден тайсалмай Асекеңе биік баға берді. Ол кезде шынайы жазушылар арасында қызғаныш деген болған жоқ. Керемет жақсы кезең еді. Мәселен сол тұста қанша атақты жазушы болса да, бір де біреуі неге қылышты маған бермеді деп күңкілдемеді. Тіпті, сөз қылған жоқ. Өйткені Асекең ондай құрметке лайық тұлға еді. Ғабеңнің қолына қалай түскені белгісіз сол Асфахани қайқы қылыш тарихи жәдігер еді. Оны Асқарға сыйлағанында да мән бар деп білемін. Болатхан, Мақаш, Болат Қарақұлов секілді білімді азаматтар елге келгесін жиі жүздесіп тұрдық. Кемінде аптасына бір жиналамыз, кімнің үйінде домбыра бар, соған барып әңгімелесеміз. Сол кезде ғажап әңгімелер айтатын Асекеңнің жомарттығы – ол өзіне шәкірт қылған жас достарын өзі жақсы көретін азаматтармен таныстыратын. Асекең арқылы біз Төлеген Тоқбергенов, Керімбекпен таныстық. Керімбек бізді Шымкентке апарып, керемет қонақжайлылық көрсетті. Бірде Асекең туралы жазғанымда «Пустующее небо духовности Асқар Сүлейменов инкрустируя звездами ярчающего света и чистоты» деген едім. Ол расында сегіз қырлы, бір сырлы болды. Әдебиетші, сыншы, әдебиет философы еді. Драматургия, проза, музыканы теңдей игерген. Күйшілер, әсіресе, дарынды жастар көзге түссе, оларға ерекше көңіл бөліп, шақырып алып, Төлеген Момбековтің күйлерін тарттыратын. Кино саласындағы қабілеті «Қыз Жібек» фильмін түсіргенде көрінді. Жылқыны жақсы көрді. Бірде бәріміз тауға барғанбыз. Онда бір жылқы фермасы бар екен. Қыстың күні, жерде қар бар. Қоршаудың ішінде жылқылар. Алыстан сүйсініп қарап отырмыз. Бір уақытта Асеке жылқыша сөйлей бастады. Сонда жай өзінше тұрған бір жылқы басын бұрды, Асекең монологын жалғастырды. Бір уақытта жылқы бізге қарай жүрді де, Асекеңнің иығына басын қойды. Адам айтса сенгісіз жағдай ғой. Алматыға Мәскеуден небір ғалымдар, қонақтар келеді. Олар Асекеңмен танысқанда оның эрудициясына таң қалады, мойындайды. Нағыз білімді адамдарда ұсақтық жоқ қой, Асекеңді олардың қалай мойындағанын көзіміз көрді. Біздер үшін ол жадымызда, санамызда Парасат падишасы болып қалды. Дінге философия тұрғысынан қарады. Дінді дәл осы тұрғыдан түсіну бізге өте қажет. Асекеңнің ол туралы әлі біраз дүниелері бар екен. Дін туралы жазғандары, сөйлеген сөздері бізге өте қажет. Дінді құрметтеу, адамның ақылын құрметтеу дегенге Асекең өте мұқият болды. Суретшілер Салахитдин Айтбаев, Мақым Қисаметдинов Асекең туралы ойларын бас қосқан кезде айтып отыратын. Ол афоризмдердің шебері болды, қысқа да нұсқа ойлары өте тұжырымды. Ал киноға тигізген әсері «Құлагерде» көрінді, атты Луговойға барып, өзі тауып әкелді. «Қараш-қараш» фильмінде Болат Шамшиевпен бірге жұмыс істеді. Онда мынандай бір эпизод бар: Жарасбай жер сатады, сол кезде тауда отырған Бақтығұл оны атсам ба, атпасам ба деп екі ойлы болып отырғанда таудың бас изегендей белгі беретін жері бар. Әуезовте солай сипатталған. Соны Асқар байқап, «Қараш-қараш» көркем фильмінде пайдаланды. Асекең қай жерде қандай сөз сөйлесе де, қандай әрекет жасаса да, ұлтжанды азамат екенін танытып тұратын. Әділетсіздікке қарсы болды. Бабаларын ұятқа қалдырмаймын, қазақты биіктетемін деп өтті. ХIХ ғасырдағы қазақтың мәдениетін терең білді. Осы мәдениетті күйреуден сақтаған санаулы тұлғаның – бірі Асекең. Абайды бізге тағдыр жіберсе, қазақты ХХІ ғасырға дайындау үшін Асекеңді де жіберген деп білемін. Ол – жаратушының үлкен сыйы.


Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург:

«БЕСАТАР» – ҚЫЗЫЛ ИМПЕРИЯҒА ҚАРСЫ АТЫЛҒАН ОҚ

– Қызыл империя қазақтың ататынын атып, қыратынын қырып болғаннан кейін, әрі қарай қазақты орыстандыруға кірісті. Соның анық белгісі, анық салқыны 60-жылдары көрінді. Біз түгел орыстана бастадық. 60-жылдарда жылымық келді де, соның арқасында талай қазақтың ойынан құрсау алына бастады, тілі шешіле бастады, басқаша ойлай бастады. Яғни, халықтың сорын көре бастады. Өкінішке қарай, 60-жылдарға аға буын, интеллигенция қатты қорқып, зәресі ұшып, сөйлей алмайтын болып келді. Ойындағысын толық жаза алмайтын болып келді. Бірақ соның ішінде Алашорданың мүддесі үшін күресті жалғастырған, рухына адал Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғалар болды. Олар ешқашан құбыласынан жаңылмады. Мінекей, осыдан кейін қазақтың қарсылық қозғалысының Асқар Сүлейменов сияқты көрнекті өкілдері қағазға ғана жүгінді. Қарсылығын солай білдірді. Сөйтіп барып «Бесатарды» қолға алды. «Бесатар» – қызыл империяға қарсы атылған оқ болатын. Асқар Сүлейменов өз ұлтын өлердей сүйген ұлтшыл азамат болды. Оның болмысында батырлық та бар, даналық, абыздық та бар. Абай даналығы, Махамбеттің батырлығы қайта тірілгендей сол болмыс – Асекең арқылы қағазға түсіп, өзгеше бой көрсетті. Оның алғашқы сөзінен бастап, бүкіл қазақ қоғамы дүр сілкінді, рухымыз дүр сілкінді. Алғашқы сөздерінің өзі Алматыға толқын-толқын аңыз болып тарап жататын, біздің – жастардың құлағына келіп жететін. Міне, аңыз Асқар баяғы Алашорданың ішімізде жүрген, көзі тірі өкілі секілді болатын. Әрине, жалғыз емес еді, қасында Мұраттар бар еді. Алашорданың өлмеген өкілдері болды бұлар. Солардың сөзін айта білді. Жалғыз айыбы – басын шапқызған жоқ, оларға қарсы оқ атылған жоқ. Бұлар атылатын болса, оқ та атылатын еді. Ең алдымен біздің ғылымның, әсіресе, мәдениеттану, әдебиеттану, саясаттану ғылымы, өкінішке қарай, осы қазақ қарсылығы деген қозғалысты ұмытқанын айтуымыз керек. Ендігі үлкен міндет – осыны көтеру, зерделеу, ресми тарихқа қосу. Мұны жүзеге асырмай тарихымыз жүйелі де толыққанды болмайды.


Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі:

ҒАЙЫПТАН КЕЛГЕН СИЯҚТЫ БОЛАТЫН

– Асқар Сүлейменовпен жас кезімізден дос болдық. Сонау алғашқы кездегі достық, аралас-құралас болған сәттер жиі есіме түседі. Өзгеше жан еді ғой. Мына өмірге ғайыптан тайып келген жан сияқты. Асқармен таныстығым 60-жылдардың басында басталды. Керімбек Сыздықов деген досым болды, профессор, үлкен әдебиетші. Керімбек, Сейдахмет Айтжанов, Асқар Сүлейменов үшеуі мектепті Созақ ауданының орталығында бітірген достар еді. Асқармен таныстырған Керімбек еді, кейін Сейдахмет Айтжанов (мемлекет қайраткері Жанар Айтжанованың әкесі) келді. Осы үшеуімен біте қайнасып кеттік, үшеуі үш саланы игерді. Керімбек жақсы әдебиеттанушы болды, Айтжанов ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарды. Ал Асқардың жөні бөлек болатын. Жарқ етіп, сыншы болып келді, кейін жазушылыққа ауысты. Ал менімен аралас-құраластығы қазақтың қара домбырасына байланысты еді. Қазақтың домбырасын мейілінше жақсы көретін, қазақтың күйлерін терең түсінетін, әндерін еңіреп отырып тыңдайтын. Біз сол төрт жігіт, кейде Зейнолла Серікқалиев қосылатын, бас қосып қалғанда қазақтың қара домбырасын қолға алып, әңгіме-дүкен құратынбыз, барлығымыз домбыра шертетінбіз. Қазақтың күйлерін ерекше қадірлейтін. Әсіресе, Асқардың жақсы көретін күйшілері Тәттімбет, Сүгір, Төлеген Момбеков. Солардың шертпе күйлерін жоғары бағалады, өзі де бір сыдырғы тартатын. Менің күй тартқанымды қалайтын. Кез келген уақытта, күндіз демей, түн демей, түнгі сағат үште де телефон соғып: «Өмке, сағындым, «Қосбасар» мен «Теміртасты» тыңдағым келеді», – дейді. Содан жетіп келеді. Таңертеңге дейін отырып күй тартамыз, әңгіме-дүкен құрамыз. Күйді тебіреніп отырып тыңдайтын, тебіреніп отырып шертетін. Бұл ғажайып сәттер еді. Неге қазақтың әндері мен күйлеріне құмар болды десем, тек қазақтың әндері мен күйлеріне ғана емес, жалпы музыка әлеміне тереңдеп кірген азамат екен. Бүкіл Еуропа музыкасын пластинкаларды қойып тыңдап, барлығын талдап шығатын білімдар адам болып жетілген екен. Кез келген уақытта, кез келген ән, кез келген күйшінің тағдыры жайында, оның болмыс бітімі жайында сөйлеп кеткенде аузымыз аңқиып, көзіміз бақырайып тыңдап отыратынбыз. Мейлінше шешен еді. Тіпті, кейде көсемдік қасиеті де бар еді. Сол күндерді сағынамын. Қазақтың күйіне, қазақтың әніне осыншама ғашық болған, осылайша ынтық болған адамдарды сирек кездестірдім. Сондықтан да қазақтың күйін, әнін тілі жеткенше сайрап айтып өтті дүниеден, бағалап өтті. Сөйтсем қазақтың бүкіл қасиетін, болмыс бітімін музыкасы арқылы, өнері арқылы тереңдеп зерттеген екен ғой Асқар. Ал енді жазушылық дүниелерін айтпай-ақ қояйын. Оны жазатын адамдар бар ғой... Марқұмның жатқан жері жарық болсын, тебіреніп еске алып жүремін, ылғи ойымнан кетпейді. Ал енді анасы Айтоты қандай еді?! Шешен, дүлдүл болатын. Жас кезімізде қолынан талай дәм таттық. «Теміртасты» жарыққа шығарған, оны киноға түсіргізіп, екінші өмір сыйлаған Асқар. Шәмшінің (Қалдаяқов) де ел аузына іліккені Асқардың арқасы. Ол бөлек әңгіме.

АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ ТУРАЛЫ

Асқар Сүлейменов – қазақ топырағында, ХХ ғасырдың екінші жартысында жаңа сапалы өнер, жаңа әдебиет жасаған ерекше тұлға. Қалтай Мұхамеджанов

Асқар Сүлейменов – арамызда жүріп-ақ жұмбақ жанға айналған, әр сөздің түбінен ар іздейтін, Сүгір күйшінің қара сөздегі сыңары. Тәкен Әлімқұлов

Асқар Сүлейменов жан досым ғой... Дүниені таң қалдырар ерекше жан еді. Ол ештеңеге таңғалып көрген жоқ. Бірақ жұрттың бәрін таң қалдырып өтті. Әбіш Кекілбай

...Сіз өзіңізден кейінгі толқынға нені жазу, қалай жазу дегенді үйреттіңіз, тіпті жазбау дегенді де Сізден алдық. Дулат Исабеков

А.Сүлейменов драма-диалогтарында ең бастысы – құрбандыққа шалынып, аяқ асты болған қазақы тектілік пен имандылықтың ащы айғайы бар... жылқы мінезді халықтың, талауға түскен елдің тағдыры жатыр. Бағыбек Құндақбаев

Аса биік парасат, энциклопедиялық білім иесі, дегдар азамат – Асқар Сүлейменов өз ұрпағының, одан кейінгі де бірнеше буынның рухани көсемі болды. Мұрат Әуезов

Асқардай бірегей тұлғаның ұлттың рухани әлемінде алар орнын тани-бағалай білу – бүгінгі ұрпаққа сын. Шыңғыс Айтматов

Осыншама тектілік, зиялылық, кісілікті Жаратқан бір адамның басына үйіп-төгіп бере салған екен-ау. Мэлс Үбүкеев (Қырғызстан)

«Túrkistan» халықаралық газеті

Дайындаған Ахмет Өмірзақ

27 ЖЕЛТОҚСАН 2018ж.