Времен связующая нить

Всего статей в разделе: 77
07.06.2021
Просмотров: 502

КӨШПЕНДІ ЕШҚАШАН ӨЗ ТОПЫРАҒЫН ҚОРЛАМАЙДЫ

Қазақ халқы, оның жан дүниесінің кеңдігі мен ерекшеліктері туралы ойлар біздің көпшілігімізді толғандыратыны сөзсіз. Осындайда Мстислав Ростроповичтің 1942 жылғы суық вагон туралы естеліктеріндегі қазақтың «алты жылы көрпесінің» қарымын қайтарғың келіп тұрады. Соғысқа дейін де, кейін де Мәскеу қазақ даласына КСРО-ның түпкір-түпкірінен халықтарды вагондарға тиеп жіберіп жатты. Қазақтар өздері аш-жалаңаш жүрсе де, оларға алдындағы асы мен көрпе-жастығын бөліп берді. Күні бүгінге дейін қазақ даасының топырағын басқан әр адам үшін оның есігі ашулы, дастарханы жаюлы. Қазақ халқының қасиеті мен ерекшеліктері, қазақ тілінің виртуалдылығы және оның IT-кеңістікпен синтезделу мүмкіндігі, жан мен жердің экологиясы үшін жауапкершілік. Міне, біз бүгін заманымыздың мақтанышы Мұрат Әуезбен осы тақырыптар төңірегінде әңгімелесеміз.

«Талай жылдардан бері Мұрат Әуезовпен араласа келе бір байқағаным: ол жазба сөзден гөрі ауызша сөзді көбірек ұнатады. Бұл – оның болмысы. Бойында сонау Сократқа тән қасиет бар. Ол құдды бір ел аралап, ілім мен білім таратып жүрген ағартушы, уағыздаушылар сияқты»

Герольд Бельгер

Қазақ әлемінің ғаламы. Өткені мен өткелі

– Мұрат Мұхтарұлы, қазақ халқының ең басты ерекшелігі не деп ойлайсыз?

– Жұбан Молдағалиев ақынның: «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдары бар. Бұл өлеңін ақын Алматы алаңында қазақ жастарының қаны төгіліп, рухы тапталған 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары кезінде жазған-ды. Қазақ талай рет өліп, талай рет бойын тіктеп, рухын көтеріп, қайта тірілді. Міне, біздің халықтың ең басты ерекшелігі осында жатыр дер едім. Бүгінгі қазақ – кешегі көшпендінің ұрпағы, байырғы аттылы-көшпелі өркениеттің өкілі. Олар қашанда уақыт пен кеңістікте өзіндік қарым-қатынас орната білді.

– Сіз: «Көшпенді кеңістікте отырық¬шы халықтардан мүлдем бөлек қарым-қатынас орната білді. Үздіксіз қозғалыс көшпендінің бойында табиғи-экологиялық ортаны танып-білу немесе тиімді пайдалану дағдыларын ғана емес, сонымен қатар тәлім-тәрбие дәстүрлері мен бекзадалықты және дүниетанымдық тұжырымдарды қалыптастыратын Жол заңдылықтарын жете білуді талап етеді», – деп жаздыңыз. Көшпендінің осындай кеңістігі уақыт тінінің арқауы бола ала ма?

– Біз, ең алдымен, тарихымызды нақты қай кезеңнен бастайтынымызды анықтап алуымыз керек, өйткені ол да – бүкіл адамзат тарихы сияқты шексіз. ХХ ғасырдың басы. Халық барынша отарланған, оның дәлелі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және оған көрсетілген қанды қысым. Түрлі азаматтық соғыстар. 30-жылдардағы ашаршылық. 37-жылғы қудалау қырғыны. Ашаршылық зұлматы жойқын болды, аштық халықтың жартысына жуығын жалмады. Ұрпақ жалғастыру үшін анасы ішінен шыққан екі баласының бірін өлімге қиған заман болды. Бұдан өткен құрбандық болуы мүмкін емес. Бұл зұлмат тұтас халықтың жүйке жүйесін бұзды, үрей орнатты, мәдениетін бұзып, адамгершілік дағдыларын қиратты. Сондықтан да әдебиет пен тарих ұзақ жылдар бойы үнсіз қалды.

– 1975 жылы Қазақстан Жазушылар одағының пленумында Сіз осы үнсіздікті бұздыңыз. «Ашаршылық туралы аузын ашпаған әдебиетті өлді деуге болады!» – деп ашына сөйледіңіз. Сол кезден бастап, ХХ ғасырдағы қазақ халқының алапат трагедиясы аттылы-көшпелі өркениетті күйретіп кеткенін көпшілік түсіне бастады. Осы өркениеттік кезеңді зерделеу процесі қалай жүрді?

– Бұл өзіміздің өткенімізге, даңқты тарихымызға деген қызығушылық арта бастаған кез болатын. Археологтар мен тарихшылар дала кезіп, жер қазып, орасан зор жаңалықтар ашты. Қола дәуірінің аяғы – темір дәуірінің басына тиесілі темірден жасалған көптеген бұйымдар табылды, оның ішінде аттың аузын уландырмайтын темір ауыздықтар мен үзеңгілер табылды. Темірмен бірге жаңа динамикалық күш келді, іс жүзінде ғылыми-техникалық революция жасалды, яғни атты адам ендігі жерде орасан зор кеңістіктерді бағындыру мүмкіндігіне ие болды. Қытайда темір егін шаруашылығында, жер жырту, егін жинау үшін қолданылса, көшпенді оны шетсіз-шексіз кеңістіктерді бағындырып, түрлі өркениет ошақтары арасында байланыс орнатып, олармен ықпалдасу мақсатында пайдаланды. Бұл тарихшылар «пайғамбарлар дәуірі» деп атаған кезеңмен сәйкес келді. Конфуцийшілдік, даосизм, зороастризм, ерте христиан ағымдары келді, оларға ілесе ілкі грек, грек-рим әлемі, Месопотамия сияқты әйгілі мәдениет ошақтары, «Гілгәмеш туралы эпос» әдеби ескерткіші пайда болды. Темір ауыздықтар мен үзеңгілердің арқасында осындай орасан зор тарихи-рухани-мәдени әлемдер байланысқа түсіп, ықпалдаса бастайды.

Біз кімбіз?

– Тарихқа тереңдеу сананы сергітті ме?

– Тоталитарлық режим кезінде империяның саяси-идеологиялық қойнауында қазақтың тарихына қарсы наразылық дәні пісіп-жетілді. Империялық саясат біздің тарихи санамызды «өткеннің бәрі қараңғы, бүгінгінің бәрі жарық» деген біржақты түсінікке алып келді. Уақыт бойына тереңдеп зерттеуге, мысалы, Орта ғасыр тарихын қарастыруға, жалпы, ой, ақыл-сана, тарих, есте сақтау, жаңғырту үрдістері тіпті де қолдау таппады. Бірақ тоталитарлық жүйенің де қабырғасы қаусап, шаңырағы шайқала бастады. Ол өзгеріс 60-жылдары кеңестік өкіметтің орталығы Мәскеуде ашық та айқын басталды. Мәскеудің Сокольники паркі, Лужники стадионы сияқты үлкен алаңдарда Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский және тағы басқа ақындар жалынды жырларын оқып, көпшіліктің рухын көтеріп, сілкініс тудырған сәттер күні бүгінге дейін есімде. Дәл сол кездері мен Мәскеуде, М.Ломоносов атындағы ММУ-де оқимын, Кеңестер Одағындағы аса ірі бұл оқу орнының студенттері қашанда еркін ой мен демократияның алдыңғы қатарында болды. Окуджава мен Галичті тыңдау үшін Политехникалық музейге баратынбыз. Бұрынғы жүйенің барлық саласы кері кетті. Біз осындай қайнаған ортада жүріп, ұлттық тағдырымызға тереңдедік. Көкірек сәулемізде кеңестік идеология ұстанымдарына деген сенім оты сөніп, өше бастаған тұста бізді «Мен кіммін? Біз кімбіз?» деген сұрақтар мазалады. Өз әлемімізге үңілдік, ол әлем – талай жылдардың қойнауына көмулі, құлыппен құрсаулы әлем еді, ал халықтың басым көпшілігі әлі де ұйқыда жатты. Дегенмен көзі ашық, көкірегі ояу сана сергіп, адамның ерік-жігері мен ойы бостандық пен еркіндікке қарай ұмтылды. Құрсаудан шығар құлыптың кілтін іздедік. Біз өзімізді Мәскеудегі орыс зиялыларымен, диссиденттерімен салыстырдық. Ойы еркін, сөзі жігерлі жастар бір-бірінен шабыт алды, рухтанды. Жаңа леп жанды жадыратты, кеудені ашып, тынысты кеңейтті. Кейін Литва, Украина, Кавказ елдері мен Қазақстанда көрініс тапқан оқиғаларға осы Мәскеуден соққан жаңа леп негіз болды деп ойлаймын. Олжас Сүлейменовтың алғашқы жігерлі жырлары да сол жылдары туды:

Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп, Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне! («Арғымақ»)

Әдебиетте Әнуар Әлімжанов бастаған бір топ ірі жазушы-романистер шықты, олардың шығармалары халықтың санасына бюрократиялық аппарат құйған насихатты тосқауыл қойып, терең тақырыптардың көзін ашып, тарихи сананы оятты. …Жастарды бір-ақ сәтте алаңға алып шықты

– Ой еркіндігі қалыпты тыныштық¬тың тас-талқанын шығарады, солай емес пе?

– Қазақ – жауынгер халық. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи дәйек. ХХ ғасырдағы бірнеше соғыс, төңкеріс, ашаршылық, қырғын қудалауларды айтпағанның өзінде, ғасырлар бойы аттан түспеген ержүрек халық. Екінші дүниежүзілік соғыста да қазақ алдыңғы қатарда болды, ерлік даңқын ел мойындады. Осы ержүрек рух 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларында да жарқын көрінді. Желтоқсан оқиғасының табиғатын әлеуметтанушылар мен тарихшылардың көпшілігі әлеуметтік жетіспеушіліктен ғана іздеп, әріге, түпкі себеп негізіне бармады. Қақаған қыста алаңға шыққан жастар жаңағы біз айтып өткен жаңа лепті сезініп, содан тұшынған, тарихи әдебиетінен сусындап, жігерлі жырларды жаттап өсіп, өзін-өзі тани бастаған жаңа ұрпақтың талабын алып шықты. Олар өзінің тарихы мен болмысын мақтан еткен жастар еді. Колбин келе сала, саны жоққа таяған қазақ мектептері мен басылымдарын жаппай жаба бастады. Бұл жағдайлар онсыз да намыстары оянып, ашына бастаған жастарды бір-ақ сәтте алаңға алып шықты. Жүйемен күрес жолындағы намыс тапталды, жігер жаншылды, бірақ өшкен жоқ. Міне, осындай жағдайда, 1989 жылы әлемдік тарихи аренада ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысы пайда болды. Ол осыдан небары үш жыл бұрын тапталған намысты қайта оятты, ерік-жігерді қайрады. Қозғалыстың көшбасшысы Олжас Сүлейменов радиация адамды қанына, тегіне бөлмейтінін, оның баршаға ортақ қасірет екенін айтып, біртұтас Қазақстан халқын бірлескен күреске шақырды. Мен қозғалыстың бірінші вице-президенті болдым, сондықтан да қозғалыс, шын мәнінде, халықаралық сипат алды және осы тұрғыдан қарағанда, ол халықты Желтоқсан оқиғаларының зардаптарынан сауықтырғандай болды десем, қателеспеймін. Жұбан ақын айтпақшы, бұл да сол қазақтың мың өлімнен кейінгі бір тірілген сәттері болды. Жырлар жазылып, әндер шырқалды. «Невада-Семей» әнұраны келді дүниеге.

– Осы жерде Сіздің есіңізге бір оқиғаны түсіргім келеді. Қозғалыс ұйымдастырылғанға дейін бірнеше күн бұрын Семей полигонында апат болып, радиоактивті газдар сыртқа шыққан. Мұны ести сала, Қазақстандағы ұлттық-патриоттық қозғалыстың негізін қалаушы Олжас Сүлейменов полигон қызметін тоқтату туралы мәселе көтерді. 1989 жылы 28 ақпанда Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының жанына мыңдаған адам жиналып, ядролық жарылыстарға наразылық білдірді. Наразылық шерулері мен демонстрациялар тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Америка және Жапонияда да өтті. Қозғалыс қызметінің нәтижесінде Семей полигонындағы жарылыстар саны қысқартылып, сол жылдың 19 қазанында соңғы рет өткізілді. 1991 жылы Семей ядролық полигонының бұрынғы орталығы Курчатовта да митинг өтті. Осы материалды дайындау барысында Сіздің сол митингте сөйлеп тұрған суретіңізді кездестірдім. Қатқыл жүзіңіз бен сақалды бейнеңізге қарап, қаншалықты ащы шындықтың басы ашылған әңгімелер айтылғанын байқауға болады. – Толассыз жарылыстардан Курчатов әскери-өнеркәсіптік кешені сол кезде-ақ қирайын деп тұрған. Митинг жарылыс орнынан алты шақырым қашықтықта өтті, аяғымыздың астында жарылыстардан жырым-жырым болған жер жатты. Сол митингте Абай мен Шәкәрімнің, әлемге әйгілі романның авторы Мұхтар Әуезовтың туған жерінде қызмет ететін офицерлер де болды. Мен олардан: «Араларыңызда «Абай жолын» оқыған адам бар ма?» – деп сұрадым. Ешкім басын көтерген жоқ. Бұл сол офицерлердің планетаның дәл осы нүктесіндегі ел мен жер тағдырынан, оның азап-қасіретінен еш хабарсыз болғандығының, оған мүлдем жат екендігінің нақты көрсеткіші еді. Курчатовта біз үлкен екі алау жақтық. Қайта өрлеу формуласының белгісі іспетті. Осы екі алаудың арасымен өтіп шықтық. Шығармашыл топтың сол бастамасын жергілікті халықтың қаншалықты қолдап, ынтымақтас болғаны әлі күнге есімнен кеткен емес.

Таулар да үнсіз қалмады

– Жаңа болмыстың негізіне не кірді?

– Біз замана тереңдігіне бойлап, Орта ғасырларды зерттеп, Х-ХІ ғасырлардағы Қараханидтер дәуіріне тірелгенімізде, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни сияқты ғұламалар мен олардың шығармаларын – жалпы түркі мұрасын аштық. Одан әріде – VI-VIII ғасырлардағы Ежелгі Түркі Қағанаты және тасқа қашалған жазулар мен жыр-дастандар сыр шертеді. Тұнып тұрған тарих. Әрі жүрсек, сақ дәуірі, қола дәуірінің соңы – темір дәуірінің басталуы, орасан бай рухани-мәдени-экономикалық мәдениеттен хабар беретін тұрмыстық бұйымдардың табылуы. Таулар да үнсіз қалмады, тастарға қашалған суреттер сөйлей бастады. Сондықтан біз «мың өліп, мың тірілген» қазақ туралы айтқанда, оның этнос ретінде талай рет талайлы кезеңдермен бетпе-бет келіп, өшіп кетпей, қайта өрлеуге бет алғанына, бұл тұрғыдағы тәжірибесінің молдығына ерекше тоқталамыз.

Қазақтың осындай өміршеңдігінің кепілдігіне мысал – рухты тұлғалардың өз тарихы мен мәдениетін өз тілінде ғана емес, өзге тілде де танып-біліп, таныстыру қабілеті дер едім. Олжас Сүлейменов, Томирис туралы роман жазған Болат Жандарбеков сияқты ақын-жазушылардың шығармашылығын бөтен тілдік болмыс арқылы өз болмысыңды тану қағидасы десек болады. Бұл – айрықша энергия. Бөтен тілдік болмыс арқылы бүкіл жан-жүрек, көңіл-күй және ақыл-ойыңмен өз тамырыңа оралып, қаныңды жүгіртіп, бөтенге бойламай, өз болмысыңды танып-білу энергиясы. Бұл процесс қазір орыс тілінде жазу арқылы көрінсе, Орта ғасырларда көбі араб тілінде жазды. Сол замандарда, баршасы араб тілінде жазған мұсылман ренессансы тұсында парсы, араб тілдерінде жазып жүрген Әлішер Науаи түркі тілінде алғашқы кітаптарын жазды. Міне, біздің жаңа болмысымыздың негізі де, тамыры да осында жатыр.

– Яғни, қай замандарда да тіл белгілі бір дәрежеде виртуалды тіршілік еткен бе?

– Қазақ мәдениетінің мәні заманалар арқауының желісінде жатыр. Біздің заманымызға дейін жеткен кез-келген халықтың өміршеңдігі мен бастапқы ұлттық болмысының мәнін байытып, оны сақтап қалу қабілеті ғажап. Басқаша болуы мүмкін емес, онсыз мыңжылдықтар тегеурініне төтеп бере алмас еді. Науаиға дейін, сонау Х-ХІ ғасырларда-ақ түріктер араб тілінің үстемдігінен бас тарта бастаған. Оның ең басты дәлелі – Махмұд әл-Қашғари сияқты ғұлама тұлға. Ол түркілер өмір сүрген жерлерге саяхат жасап, мақал-мәтелдерін жинап, араб лингвистикалық картасы жойып жібере жаздаған мұраны жинақтап, «Түркі тілдерінің жинағы» («Дивани лұғат ат-түрік») деген атпен түркі халықтарының сөздігін жасаған. Бұл сөздік-анықтамалық күні бүгінге дейін «түркология энциклопедиясы» деп аталады. Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білігін», Ахмет Иассауи әйгілі хикметтерін түркі тілінде жазған.

Қазақ халқы – үздіксіз қимыл-қозғалыстың халқы

– Тілдің дамуына халықтың басқа да қасиеттері әсер етті ме?

– Бұл тұрғыдан алғанда, көшпелі қазақ мәдениетінің төл қасиеттерінің бірі – әлемге ашықтығы, түрлі мәдениет пен тілдерге деген қызығушылығы, іргелес елдермен бірлесе тіршілік ете білу қабілетін атауға болады. Естеріңізде болса, қазақ эпосының кейіпкері – батырға қойылатын бірден-бір талап – жеті қырдан асу, жеті тілді меңгеру. Сонда ғана ол қол бастаған батыр, ел бастаған көсем бола алады. Мұндағы жеті дегеніміз – нақты сан емес, көптікті білдіріп тұрған ұғым.

– Яғни, тілді қадір тұту, оның құдіретін сезіну қай кезде де болған ба?

– Көшпенді тумысынан жол үстінде, орасан зор кеңістікте өмір сүреді. Сондықтан ол түрлі тілдерді білуге міндетті, бұл – көшпелі өмір талабы. Біздің дүниетанымымыздың іргелі қасиеттерінің бірі де осында жатыр.

– Тәңіршілдіктің тұғыры да осында жатыр емес пе?

– Алапат кеңістікті бағындыра отырып, табиғат, аспан әлемі мен жұлдыздардың тылсым тынысынан тыс қалу мүмкін емес. Тәңіршілдік – көшпенді әлеміне тән дүниетаным. Сондықтан да ол мұсылман, христиандық және басқа діндер арқылы өтіп, дәл осы жерде пайда болды. Осы тұрғыдан алғанда, күн мен түн теңескен күні тойланатын Наурыз мерекесін де тәңіршілдік мереке деп айтуға толықтай негіз бар.

– Көк аспан, Қоңыр жер, Су, Ұмай ана сияқты түркі халықтарының жебеушілері өткеннің елесі емес, бүгін мен болашақтың да белгісі», – деп жазған екенсіз «Тоныкөк» атты мақалаңызда. Осынау қасиетті саналатын жебеушілердің сіз үшін маңызы қандай?

– Барша жебеуші атаулының ішінен Ұмай анаға деген құрметім ерекше. Ұмай соғыста қорыққанды жазалады. Оның пайда болуымен бірге тілдер мен мәдениеттер, түрлі діндер тұтқыннан босады. Қазақтың ғасырлар бойғы тарихының қайнар бастауларында қайта түлеу Рухы жатыр. Жаңғырып, қайта түлеуге қабілеті бар халықты тек табиғаттың өзімен ғана теңестіруге болады. Қаншама рет шыңырау түбіне барып, қайта көтерілді, қаншама рет өшіп, сөнуге таяған от қайта тұтанып, қайта жанды. Осының бәрінде де тамыры үзілмеген, қаны бұзылмаған қалпында жаңа қадамын бастады.

– Жаңғыру дегеніміз жадының өзі ме?

– Қазақ халқы – үздіксіз қимыл-қозғалыстың халқы. Қозғалыстың өзі жараны жазып, ауруды айықтырып, қайғыны сейілтіп, тәніңді тазартып, ата-баба рухына қайтарып, тарихи санаңды серпілтеді емес пе?! Сондықтан да жады, яғни, есте сақтау дегеніміздің өзі – тіл мен тарихты тасымалдаушы. Ал қазақтың есте сақтау қабілетінің ғажап екені сөзсіз. Ақын, жыршы-жыраулар шығармашылығын алып қараңызшы, олар күндеп емес, айлап жырлаған жоқ па? Ғажап емес пе? Қалайша мақтанбасқа! Ерен есте сақтау қабілеті, әлемге ашықтық, жаңалық біткенге құмарлық, дүниетаным кеңдігі, бөтенді бағалай білу – осының бәрі бірігіп, тұтас жүйе ретінде жеке жауынгерді ғана емес, Ұлы Жібек Жолы феноменін құрады.

– Ұлы Жібек жолы феноменінің негізі де осында ма?

– Бұл жол – Қытайды өзінің ішкі әлемін «атпен шапқаннан басқаны білмейтін солтүстік варварлардан» қорғау мақсатында Ұлы қабырға тұрғыза бастаған кезеңнің құрдасы. Ал негізінде, көшпенділер олардың өміріне түрлі халықтардың мәдениеті, діні мен сенімі, поэзиясының ықпалын алып келді, сөйтіп, оған ізгілікті, бекзадалық өң берді. Бірнеше мыңдаған шақырымдарға созылған керуен-сарайлар пайда болды, оларда бірін-бірі тыңдап, ұғынып, түсініп, қабылдау атмосферасы қалыптасты, онсыз ешбір табысқа да, жетістікке де жету мүмкін емес еді. Осындай керуен-сарайлар туралы кейін: «Самарқандтан шыққан мысық «шатырдан шатырға» секіріп жүріп, аяғын жерге тигізбестен-ақ алыс жатқан қалаларға дейін барды», – деген жазулар қалған. Жібек жолының іргелі қағидаттарының бірі – келісімге келе білу, бітімгершілік. Әйтпесе, әлгі мысық бір үйдің төбесінен екіншісіне секіре алмас еді. Жібек Жолының керуен-сарайлары өзіне тән психологиясымен, бітімгершілік қасиетімен қашанда бейбіт тұрмысты қалады. Қазір де біз бейбіт өмір тілегенде, бұл жай ғана жалынды сөздер емес, бейбітшіліктің біз үшін бұлтартпас қағида екендігіне деген берік сенімділік. Олжас Сүлейменовтың: «Адам баласы ондаған жылдарға созылған соғыстарды ешқашан ұмытпайды, ал мыңжылдықтарға жалғасқан бейбіт өмірді есіне де алмайды», – деген тамаша сөзі бар. Міне, Ұлы Жібек жолы дегеніміз – осы, оның феномені де осында.

Қазақ тілі – өміршеңдігін дәлелдеген тіл

– Қазақ тілінің, оның генетикалық кеңістігінің интернетпен, IT- виртуалдылықпен синтезі мүмкін бе?

– Оған еш күмәнім жоқ. Сұраныс ұсынысты тудырады. Техникалық құралдар сұраныс нәтижесінде келеді. Алғашқы таныстықтан кейін-ақ, бүгін бір беймәлім, түсініксіз болып көрінген техникалық ғажайыптардың өзі ертеңіне-ақ қарапайым құрал болып шыға келеді. Ол ештеңені өзгертпейді, ол – әлі де игерілмеген ғарыш, мұхит, елдер мен шөлейттерге жету жолындағы келесі бір нақты кеңістік қана.

Қазақ тілі – араб, парсы, орыс және тағы басқа да түрлі тілдердің көптеген сөздерін өн бойына сіңіріп, байытып өзінің өміршеңдігі мен ірілігін дәлелдеген керемет тіл. Ғажап тіл. Жалғыз ғана жер атауларын алып қараңызшы! Тұнған тарих, ақпарат-дәйек, аңыз-әңгіме. Мысалы, Ақсу, Қарасу өзендерінің атаулары бірден түсінікті, кейде атаулар су ағысының бастауы қайдан және қалай қарай ағатындығынан хабардар етеді, яғни бағытты белгілейді. Бұл тілді білетін адамға бұрын таныс емес жерде барынша жайлы өмір сүруге мүмкіндік береді. Жұлдыздар туралы аңыз-ертегілер қаншама! Жұлдыздары жарқыраған түнгі аспан – қазақ тілінің бар байлығын паш ететін ертегі кітап.

– Бұл қағида бүгінде басқа тілдер мен мәдениеттер үшін несімен пайдалы болуы мүмкін?

– Біз қазір ғарыш кеңістігін игеру қажеттілігінің алдында тұрмыз, ал бұл бір кеңістіктен екіншісіне ғылым мен техниканың даму мүмкіндігін пайдаланып ауысу ғана емес, сол баяғы қозғалыс, динамикалық жағдай. Бұл – дүниетаным. Қазақтың ұғымында жол феноменінің алатын орны ерекше. Жол адамына, адам жолына сәйкес болуы керек. Жол үстіндегі адам, ал қазақ үнемі жол үстінде болған, жерді, жолсерігін, табиғатты қорламайды. Бұл – қалыптасқан жол қағидасы. Жолдың өз жебеушісі бар, оны ешқашан ұмытуға болмайды. Адамның барлық іс-әрекеті әдеп дағдылары мен адамгершілік қағидаттарына негізделген. Бұл жерді қорлама, өлтірме, табиғатқа табын деген ғаламдық қағидаға негізделеді. Адамның аяғы тиген жердің бәрі сол бұрынғы қалпында қалуы керек. Жерге деген құрмет қанға сіңіп, жүрекпен сезілуі керек. Бүкіл әлем – бұл бір үлкен кеңістіктің адамдары және ол кеңістік – сонда тұратын адамдардың қамқорлықпен және жанашырлықпен қарайтын ортақ үйі. Бұл қағидалар қазақ халқының бүкіл салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, тілі мен ділінің, поэзиясы мен музыкасының және өсиет-ғибраттарының негізгі мазмұн-мағыналық мәнін құрайды. Жаңа ұрпақтың оларды білмеуі, одан шеттеуі бүгінгі қазақтың кешегі көшпендінің ұстанымдарынан алыстап кеткендігін көрсетеді. Көшпенді ешқашан өз топырағын қорламайды.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Ольга ЗОРИНА

https://mk-kz.kz/culture/2021/04/07/planetarnyy-kanon-murata-auezova.html

Сұхбатты орыс тілінен аударған Қалдыгүл ЖАНЫБАЕВА

//Қазақ әдебиеті.- 07.06.2021.

https:// qazaqadebieti.kz/28814/m-rat-uez-k-shpendi-esh-ashan-z-topyra-yn-orlamajdy