Сверх того
АҚЫН КЕТІП БАРАДЫ... (М.О. Әуезовтің 50 томдық толық шығармалар жинағы хақында)
Ермек ҚАНЫКЕЙҰЛЫ
Төлебаев көшесімен төмен қарай ақын кетіп бара жатады. Кейде амандасамыз, кейде амандаспаймыз. Өз әлеміндегі әлдебір әуеннің жетегінде кетіп бара жатқан ақынды түсінгің келеді. Кедергі болмайыншы дейтін ойға тоқтайсың. Бірде өзінің поэтикалық бейнесімен шабыт құшағында отырған ақынға осы көшенің бойындағы орындықта жолығып қалдым. Жанына жақындап кеп, сәлем бердім. Ол мені танымайды. Бірақ мен оны жақсы білемін. Ақын шылымын тұтататын сіріңкесін іздеп, қалтасын қарап жатыр. Қалтамда оттығым жүр еді, сырт еткізіп, темекісінің астына тоса қойдым. Бетіме біртүрлі қарап, темекісін тұтатты. От тиген шылымы өртене қызарып, ақынның ішіне түсіп барады. Сосын ақ шуда түтін болып сыртқа бұрқ етті. Маған түтінінің өзі өлең шумағы болып көрінді. Ақындардың темекі тартқанының өзі ақындық сияқты. Кейде біреуді сыртынан қарап-ақ, оның не ақын, не жазушы, не ғалым екенін біле қоясың. Бұлар таңғажайып адамдар.
2004 жыл! Бұл айтулы дата емес. Алайда осы жолдардың авторы үшін мұхитқа шыққан алғашқы сапар. Қайда бара жатқаның белгісіз, қайдан шығатының да белгісіз адасқақ сезімді бастан кешкен жыл еді бұл. Оқуды енді бітірген сарыауыз балапанды ұлы мұхитқа тастап жіберді. Ол – Әуезов мұхиты болатын. Иә, бұл тереңге тұншығып өлсең де бақыт қой! 1997 жылы ЮНЕСКО аясында аталып өткен М.О. Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына байланысты жазушының 50 томдық толық шығармалар жинағын дайындау жоспары мемлекеттің қолдауымен мақұлданды. Бұл – ұзақ та қажырлы еңбекті қажет ететін ұлы жоба. Оған М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми ұжымы, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы тікелей жауапты болып, жүзеге асыруға міндеттелді. Бұл міндет абыройлы аяқталды да. Әйтсе де, аздаған шегініс жасасақ, 1-ші томнан бастап, 13-томға дейінгі жұмыс аса ыждағатпен дайындалып, жоғары деңгейде жасалып жатса да, белгісіз себептермен 50 томдықты шығару жұмысы тоқтап қалады. Қаржылық һәм баспа тарапындағы кейбір мәселелерге байланысты ұзақ кідіріп қалған жазушы шығармаларының 50 томдығы 2004 жылы «Жібек жолы» баспа үйінің құзырына түбегейлі көшкен сәттен бастап, дүрілдеп жүріп кетті. Мемлекеттен бөлінген қаржысы желініп кетіп, дайындаулы күйі аяқсыз қалған 12-том «Жібек жолының» және сөзімізге арқау боп отырған ақынның өз қаражаты есебінен жарыққа шықты. Жылына төрт, кейде бес кітапқа дейін дайындап, баспаға тапсырамыз. Ал баспа басшылығы мен оның шығармашылық ұжымы «Әуезов үйі» ғалымдарынан құралған құрастырушы және дайындаушылар тобынан асып түсіп, артық еңбек етті. Бұны олардың тікелей жұмысы деп қысқа бағалау қиянат болады. Бас редактор Балжан Елубайқызы Хабдинаның редакторлық сүзгісінен өткен Әуезовтің кезекті томының соңғы оқылымын көргенде, «сизиф мехнаты» дегеніңіз осы-ақ болар деп ойлайтынбыз. Мұндай жұмыстар әлденеше рет жүргізілетін және өзінің 40 жылға жуық редакторлық қызметінде мұндай еңбектердің қаншасын қолынан өткізгенін, қанша көз майын тауысқанын ойлағанда, тіпті қайран қаласың. Бұл – біздің баспа саласындағы айдың арғы жағы секілді айтылмайтын, бағаланбайтын «тантал азабы». Көрген, куә болғанымызды айтамыз, естігенді емес! М. Әуезовтің 50 томдығының бірінші, екінші басылымына бастан-аяқ редактор болып, осыған он жылдай уақытын арнап, тіпті қолына ота жасатып, оң қолын дәкемен орап жүріп те жұмысын тоқтатпаған кезі болған. Жалақысы жоғарырақ баспалар білікті редактор ретінде әлденеше рет өздеріне жұмысқа шақырғанда да, Мұхаңның рухына деген құрметтен, ұлы мұраға деген жауапкершілік пен адалдықтан аттап, орта жолдан тастап кетуге ары бармай, бас тартқан көрінеді. Рухани құндылықты материалдық игіліктен жоғары қоя білген оның өмірлік ұстанымына, білім-білігіне сүйсініп, разы болмау мүмкін емес. Өмірінің осы кезеңін ол тағдыр тартқан сый, «екінші университетім» деп бағалайды. Әркімнің өз Әуезові бар, ал Балжан Елубайқызының да, бәріміздің ұстазым З. Қабдоловша, оны иемденуге толық құқығы бар. Бүгінде ол – еліміздің баспа ісіне елеулі үлес қосқан майталман баспагер, ҚР баспа және полиграфия ісінің қайраткері, Мұрат Мұхтарұлы айтқандай, «великий редактор». Тегі, қырық жылдық еңбекті қысқа қайырып айту мүмкін бе – қиянат қой!..
Сөйтіп, «Ғылым» баспасының жеткен жерінен, яғни 12-томнан бастап, аздаған жылдың (2011 жылға дейін) ішінде қазіргі ТМД мемлекеттерінің ішінде орыстардан кейінгі екінші болып жеке автордың көп томдық академиялық шығармалар жинағын шығарған ел ретінде тарихқа ендік. Міне, осынау мақтанышпен еске алынуға тиіс істердің басы-қасында қаншама азаматтар болды. Мұражай қызметкерлерінің асқан жауапкершілікпен, жанкештілікпен еңбек еткені соншалық, сөз бен әріптерді «микроскоппен» қарап, ұзақ шұқшиған кездер де болған. Талатбек Әкім, Раушан Қалиқызы, Рафат Әбдіғұловтардың алдында үнемі лупа жататын. Бүгінде өмірден озып, бақилық болған Қ. Қуанышбаев, Б. Майтанов, Т. Әкім, Р. Әбдіғұлов, Р. Қайшыбаева, А. Пірімбетовалар ұлы рухтың алдында өз парыздарын адал атқарған адамдар ретінде ерекше құрметпен айтылуға тиіс. Олар туралы да қыстырма сөзбен ғана айта салу күнә. Себебі әрқайсысы – жеке-жеке үлкен мақаланың тақырыбына арқау боларлық жандар. Өзгелеріміз (Т. Жұртбай, Д.А. Қонаев, С. Майлыбай, М. Ахетов, К. Рахымжанов, А. Болсынбаева) осы бір үлкен жұмыстың ішінде болғанымызды қазір шүкіршілікпен, мақтанышпен еске аламыз Жалғастық – соны еске алумен жалғасады. Айдың арғы бетін көрген адам жоқ. Бірақ арғы жағы да бергі жағындай жарық екеніне күмән болмауға тиіс. Оны да көретін, одан да шуақ алатын бір жаратылыс бар шығар? Сол сияқты жарыққа шыққан, қазақ руханиятының, мәдениетінің аспанында жарқыраған ай сияқты еңбектердің де айдың арғы жағы тәрізді парағы (беті) бар екенін ұмытуға болмайды. Мен айтар едім, қолыңа «Бабалар сөзінің» 100 томдығын алдың ба, алғашқы беттегі редакциялық алқамен қатар, соңғы бетіндегі «белгісіздеу» есімдерге назар аударуды ұмытпа. Өйткені соңғы парақ – аяқталған еңбектің азапқор жандарын еске түсіретін бағалы беті.
Тағы қайталап айтсам, М.О. Әуезов шығармаларының толық жинағын жарыққа шығарудағы «Жібек жолы» баспа үйінің, оның басшылығының, редакторлық тобының атқарған еңбектері, байыптап қарасаңыз, айдың арғы беті секілді айтылмайды. Олар түсінген адамға өз жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқарған адамдар болғандықтан, бақшасының жемісін басқалар жегенінінен зор ләззат алатын диқаншылар тәрізді бақытқа бөленеді. Мақтаныш сезіммен әлі де айтып жүреді. Иә, ұлы Мұхаңның еңбектерінің артында аты қалғанын мақтан тұтатын адамдар былайғы жұртқа Қожанасыр құсап көрінуі мүмкін. Бірақ баспа ісінің мамандары үшін қожанасырлықтан да құнды мұрат бар: еңбек, еңбек және еңбек. Еңбек – адамды адам ететін құндылық екенін атап айтқан коммунизм көсемдерін кейде құрметтемеуге шараң жоқтай. Ақынды кейінгі кезде көріп қалсам, қолын алуға ұмтылып тұрамын. Бәз баяғыдай жүзіме таңырқай қарап, Төлебаевпен төмен немесе көтеріліп келе жатады. Сөйтсем, ақын «Әуезов үйіне» құдайы көрші екен! Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін?! Күнде Мұхаңның үйінің алдымен жұмысыңа кетіп бара жатсаң, күнде Мұхаң үйінің алдымен жұмысыңнан келе жатсаң және түсіңе де осы кеңістік кіріп жүрсе (бұған менің сенімім нық). Себебі өңіңде Құдайды еске алсаң, ОЛ түсіңе енеді, ал Мұхтар Омарханұлы әр қазақтың жүрегінде жатқан ұлттық рух қой! «Адам қай тілде сөйлесе, сол тілде түс көреді» дейтін Әуезовтің әйгілі сөзі бар, демек, Абай деп, Әуезов деп ой ойласаң, олар түсіңе енетініне қандай күмән болуға мүмкін?!
Ақын түсінде көрген(етін) рухты өңінде іске асырды. Тағдырына талай-талай бақытты мүмкіндіктер туды. Эпостық, эпикалық жауһарлардан бастап, классикалық поэзияға дейін аудармалар жасап, түнді күнге, күнді түнге алмастырды. Бұндай құдірет шынайы шығармашылық адамдарда ғана болады. Олар қалыпқа сыймайды. Өзінің жеке творчествосында (бұл құдайлық сөз) қазақтың халықтық арманын айта алды. Ақиқатты айтқаны үшін айыпталды да. Ал айыпталу қылмыс емес, қазақтың Алаш қайраткерлері өткен осынау азалы жол әркімге бұйыра бермеймейтінімен қымбат қой. Ақанның Құлагерін таныған Күреңбай сыншыдай Ө. Жәнібеков ақынға алтынға бергісіз ақыл-кеңесін айтыпты. Ақын оның үмітін артығымен орындады. Біздің ұстазымыз, марқұм профессор Б. Майтанов «Жырдағы айдың сәулесі» деген ақын шығармашылығына арналған мақаласында: «... аудармаларының жоғары сапалы дүниелер екенін бірден-ақ кесіп айту керек» деп тұжырымдаған. Ұстазымыз әдебиет теориясының терең білгірі болғандықтан, бұндай әділ де лайықты бағаны әркімге бере бермейтінін жақсы білеміз. Сондықтан ақынмен аттас болғанын емес, мұраттас болғанын бағамдау керек. Соңғы кезде ақынды сиректеу көрем. Адамды ақырын жүргізетін өмір шындығы бар. Жетпіс – жарда ойнаған лақ емес. Ақынның өмірбаянына қарап отырсам, әні-міне жетпіске келемін деп тұр екен. Бірақ әлі де тың, күйлі-қуатты көрінеді, демек, ақылды ақын. Ол қартаймауға тиіс. Тегінде, ақындық мәңгі жас күйінде қалатынымен таңғалдырады. Мысалы, Гете мен үшін өзінің ұлы романизмімімен жас. Абай оның жанында қарт, бірақ сенімімен, сезімімен сәби. Шоқан мен Сұлтанмахмұтты айтсақ, ұяттан бетің жанады. Ал Әуезов мол, өнімді жазып, аздау жасағанымен көбімізді жазалайтын сияқты. Әйтсе де, бұлардың бәрі бізге ұзақ өмір сүруге кепілдік берген, онда да «терең ойдың телміріп соңына ерсек» қана...
Ақын қайда тұрды, қайда өмір сүрді, қандай қызмет істеді, бұлар бізге соншалық маңызды емес. Ақын – ақын. Бұл – аксиома. Ал осы ақын қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қандай үлес қосты, өзінің азаматтық, тұлғалық болмысын өзі өмір сүрген заманда қаншалық сақтап қала алды, міне, бұл маңызды.
Ақын – Әуезов шығармаларының толық жинағын жарыққа шығарды. Бұл жолда қаншама тер мен көз жасы төгілді, оны өзі ғана біледі. Бұны біз мәңгі біле алмаймыз және білуге тиіс те емеспіз. Ол білдіруге тиіс те емес. Ол осынысымен құнды. Дүниеге неміс болып кеп, қазақ боп өлген Г. Бельгер «Қазақ дәптерінде» мынадай ой айтып кетіпті: «М. Әуезовтің 50 томдығын түгел оқысам, бұ дүниеде арманым болмас еді». Ал соны жарыққа шығаруға азаматтық болмысымен атсалысқан ақын, құрастырған ғылыми ұжым мен оның редакторлық құрамы туралы ойлағанда, қандай бақытқа бөленгенімді айқайлап айтуға неге қысылуым керек?! Егер соларды атап айтсам, редакциялық алқа ұялар ма екен? Жинақтың соңғы бетіндегі редакторлар: Б. Хабдина, Ә. Өтешева, А. Байырова, Г. Тілеубаева, И. Руденко, А. Шаиховалар, сондай-ақ баспаның өндіріс директоры Л. Өтебаева, үйлестірушісі М. Анацкая қандай құрметке де лайықты адамдар. Міне, осылардың жауапкершілік сезімін өздерінен гөрі, өзі көбірек арқалаған ақын кім? Оның атақ-абыройын әдеби жұртшылық онсыз да біледі, ал соны тағы да жауыр аттай тыржыңдатып қайталап жату қаншалық маңызды? Бәрі де «Әуезов мұраты» деп еңбек еткен жылдарға садаға емес пе? Құранда көршіге жасалуға тиіс парыздар қалай еді? Салыстырып көріңізші, өзінің өмір жолына сыйға тартылған «төре табақтай» Әуезов шығармаларының 50 томдық шығармалар жинағының толық жинағының бір емес, екі рет ұлттың руханиятына арналып сапалы жариялануына үлес қосқан және екінші басылымына өзі де редактор ретінде тер төккен ақынның есім сойын соншама жұмбақтауымның түк те сыры жоқ. Тек әдемі әннің қайырмасы сияқты соңынан айтқым келді және оны қайталай беруге де болады. Ол – Бақытжан Қанапиянов! Оның темекісін тұтатып бергенін мәртебе санап жүрген маған да айтылар сын аз болмас, бұған өкпелемеймін де, себебі оған «өз пікірім» бар. Ал бұл ой-толғаныстарым соған ақталу іспетті шыққанына оқырман түсіністікпен қараса деген ниеттен басқа ештеңе жоқ.
«Жібек жолы» – Б. Қанапиянов – М.О. Әуезов. Бұл үштікті соңынан басына қарай оқысаңыз, бір үйлесім бардай көрінеді. Тарихи жады өшпейді. Ұлы Жібек жолымен сауда-саттық қана емес, рухани-мәдени мұра, әсіресе көбірек таралған. Сондықтан да ол – Жібек жолы. Жібек құртының отаны Қытайда, бірақ әлемге біздің жеріміз арқылы тарады. Демек, қазіргі мәдени ұлттық мұрамыз өзгелердің көкейін тескен жібек құрты сияқты аса зәру құндылықтармыз екенін ақын-баспагер Б. Қанапиянов 1991 жылы әлдебір тарихи түйсікпен сезген сияқты. Бұны біз түсіне алдық па, әлбетте, оған уақыт керек. Бәріне уақыт, сосын қазақ қана төреші, бұл қисынсыздау болса да солай!
Айдың арғы жағын әлі ешкім аша алған жоқ. Бізге тек бергі бетінің арғы беті екенін мойындауымыз ғана қалды. Бұған да уақыт керек, десек те осыны еске алған қалың көпшіліктің бірі ретінде ақынға амандасуды қарыздарлық санап жүретін мен тарапымнан кеткен кемшілік болса, тағы да кешірім сұраудан басқа не деймін! Біздегі «өз пікір» деген мынау – Әуезов туралы жақсы сөз естісе мәз-мәйрам болу; оған қызмет еткендерге қарыздар сияқты болып жүру; ал бәз баяғы пілге үретін кәндендердің заманауи тұқымдарын көрсе, не дерін білмей, қапа болу. Қазір, құйрығына қалжауыр байлап ап, өз індеріне өздері кіре алмаған тышқандар, аяныш пен күлкіге қалатынымен қасіретті-ақ! Төлебаев көшесімен жоғары қарай ақын кетіп барады. Жүзінде қуаныш бар. Өз ісіне қанағаттанған ол шылымын әдеттегеден көбірек тарта ма қалай? Мен Бақытжан ағаға кітаптың терімін бір жерде, беттелуін тағы бір мекемеде жасап, басып шығаруын әлдебір күмәнді баспаға тапсырып, арасынан өзінің жеке мүддесін көздеп жүретін алаяқ баспагерлер сияқты емес екенін білгендіктен қарыздар сезімімді тағы да үстемелеп сәлем берем. Ақын әлдекімдерге сәлем бермеуі мүмкін, бірақ сәлемді алмайтындарға жатпайды. Ол соны сезе ме, менің сәлемімді шырқау биіктен түспей тұрып алады. Маған да керегі сол, оған да керегі сол, міне, бұл адами ар-ождан! О дүниеде мәңгі жұмақта масайрауға тиіс рухыңды бұл жалғанда күнәға батырудың қажеті қанша? Мен соны ойлаймын, ол о баста осыны ұққан адам. Бақытжан Қанапиянов 1951 жылы 4 қазанда Арқаның кербез сұлу Көкшетауында дүниеге келген. Мамандығы – инженер. Қазақты көрнекті қос тұлғасы І. Есенберлин, О. Сүлейменов сияқты өмірбаянға ие.
Алғашқы ақындық жолынан күні бүгінге дейін көз жіберсек, шығармашылыққа арналған – 45 жыл! Ақын, аудармашы, киносценарист, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1986), Қазақстан Журналистер одағының С. Сәдуақасов атындағы сыйлығының иегері (1999), «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының (2003), Махамбет сыйлығының (2003), тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының (2003), халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (2005) лауреаты. Көкшетау қаласының құрметті азаматы (2001). «Парасат», II дәрежелі «Достық» ордендерімен (2006), Қазақстан, Ресей, Украинаның медальдарымен, «Чернобыль апатына 20 жыл» құрмет белгісімен (Ресей, 2006 ж.) марапатталған.
Жиырмаға жуық кітаптың, жиырма шақты киносценарий мен он бейнефильмнің авторы әрі режиссері. Бәрін жинақтап келсек, жеті томдық шығармалар жинағы жарық көрді (2010). Ал ақын шығармашылығы монография деңгейінде зерттелген (В. Максимов. «Свет кочевой звезды». Мәскеу, 2000), көптеген сын және ғылыми мақалаларға арқау болған. Тұтастай алғанда, Б. Қанапияновтың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы толымды мәлімет бар. Оқырмандар да ақын еңбектерімен жақсы таныс деп санаймын. Өйткені оның шығармашылығына А. Вознесенский, О. Сүлейменов, Е. Букетов, А.Л. Жовтис, В.В. Бадиков, Г.К. Бельгер, М. Мағауин, М. Базарбаев, Ш.Қ. Сәтбаева, т.б. көрнекті тұлғалармен қатар шетел қаламгерлері лайықты бағалар берген. Өзі де қазақ әдебиетінің түрлі мәселелері мен кейбір шығармашылық тұлғалары туралы да қалам тербеген. Дәстүр мен жаңашылдықтың қос арнасын қатар алып жүрген ақын және қоғам қайраткері.
Ал «Жібек жолы» баспа үйінің директоры ретінде қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты. Эпостан бастап, қазіргі классикалық әдебиет өкілдерінің шығармалар жинақтарын, түрлі оқу құралдары мен аударма еңбектер, жекелеген авторлардың әр жанрдағы кітаптарын, т.б. түрлі саладағы баспа өнімдерін сапалы шығаруға атсалысқан адами ғұмыр айтуға оңай және санап шығу да ұзақ тізім. Кейбіріне қысқаша тоқталсақ: Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Қаныш, М. Әуезов, Д.А. Қонаев, А.М. Қонаев, Б. Әшімов, О. Сүлейменов, Мұрат Әуез, Г. Бельгер, К. Салықов, М. Мақатаев, Н. Назарбаев, Қ.-Ж.Тоқаев, У. Шәлекенов, С. Қасқабасов Б. Майтанов, т.т.
Бастабында осы анықтаманы айтуды қажет көрмесем де, оқырмандар тарапынан туындайтын орынды сұрақтарға қысқаша дәйек керек екені белгілі. Бұл аз деп санайтындарға ақын есімін интернет желісіне енгізсеңіз, толыққанды мәлімет алатыныңызға біз кепіл. Жақын уақыттарда оның 2 томдық шығармалар жинағы біздің қолымызға қазақ тілінде тиеді деген жақсы хабарды естіп қалдым. Бұл өте құптарлық іс, жасампаз шешім және өмір белестерін мағыналы түйіндеу деп ұғамын. Бұрын да ақын өлеңдерімен аздап таныстығым бар, ал талантына шүбәм жоқ, оны аталған қос томдығы қолыма тисе, өзіме-өзім тағы да дәлелдей аламын. Әзірше айтқым келген және айтып та қойған жеке ой-толғаныстарымды осы жерден тоқтатамын. Бұдан да жақсы, бұдан да нақты осы тақырыпта, атап айтсам, М.О. Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы мен оның негізгі локомативі (сүйреуші, қозғаушы құрамы) жайында, «Жібек жолы» баспа үйі мен оның директоры – Бақытжан Қанапиянов, бас редакторы – Балжан Хабдина туралы лайықты және уақытында берілер бағалаулардың баспасөзде жарық көруіне тілекшімін. Лайым солай болғай!
Жалпы, ақын туралы қарасөз жазу қиын! Ақын туралы ақын өлең жазса, міне, сол әсерлі. Ақын туралы жай сөзбен сөйлеу де ыңғайсыз. Ал ақын туралы академиялық зерттеулер жүргізуді өз басым қабылдай алмаймын. Сондықтан менікі «бұрыңғы әннен өзгерек шықса», айыбы өзімдікі және «өз сөзім де өзімдікі». Осындайда Абай – қорған, Әуезов – құтқарушы, мәселе мынау – олар жайындағы істелген жақсы істі ұлттық мұрат деңгейіне дейін түсіну қазіргі бізге керек алаштық идея. Алаш идеясы дегеніміз – айдың арғы беті емес, сол Айдың өзі! Бізден ұзақта тұрған, бізге түнде сәулесін түсіретін, сонысымен күндіз адаспауымызды ұқтыратын Айдың жарығы! Мен ұлттық мүдде жолында қызмет етіп жүрген Бақытжан Қанапиянов пен оның айналасы жөнінде осындай ойға берілем. Бақытымызға орай, бізде бұндай алаш ұранды азаматтар аз емес, олар дер кезінде мемлекеттік мінбелерден айтылуы керек, бізге қазір осы жетпейді, А. Сүлейменовше аяқтасам, «өттері жарылып кетсе де айтайын», қазақ қоғамы ұрылар мен алаяқтарды, опасыздарды, қылмыскерлер мен парақорларды қайта-қайта «насихаттаумен» қалың бұқараны аздырып жатыр. Ұзақ сөздің түйіні – бүгінгі бізге алаш баласын ауыруға ұшыратпайтын, рухани мүгедектіктен сақтайтын баянды вакцина керек! Ол – рухани мұра және сол жолда тер төгіп жүрген өнер мен мәдениеттегі біз атаған жекелеген адамдар, оның нақты өнімдері, соны жүзеге асырып отырған ошақ және сол сияқты барлық саладағы осындай ұлт қайраткерлері деп білемін. Қазақ – қалай оқысаң да қазақ! Сондықтан, айтқым келеді: рухымыз шаттану үшін ұят – иманның қабы, елдікке қызмет – қарыздар іс екенін қай уақытта да, қай кезде де естен шығармасақ екен!
«Қазақ әдебиеті» газеті. 3 шілде 2020 жыл. №26.
-
Сверх тогоО РЕПРЕССИЯХ26.05.2020
-
Сверх того«Радушно распахнуты двери поэту…»20.05.2020
-
Сверх тогоО самых Родных29.04.2020
-
Сверх тогоCоветский солдат Джанибек Сулеев29.04.2020
-
Сверх тогоМ.Әуезовтің өмір жолындағы Орынбор және Ташкент кезеңдері04.04.2020
-
Сверх того125-летие Ильяса Жансугурова14.02.2020
-
Сверх тогоТіл мен дін – діл дербестігі26.08.2019