Экспедиции «БУГОР»

Всего статей в разделе: 40
05.08.2021
Просмотров: 571

Таулардың достығы

Дүниеде жеті мыңға жуық тіл бар, екі жарым мыңдай ұлт бар. Арасында тектес, тілдес, діндес, біріне-бірі жақын елдер аз емес. Осылардың ішінде қазақ қырғызды және қырғыз қазақты ғана «бір туған бауырым» дейді. Қазақтар «қырғыздың тілі тәтті» десе, қырғыздар «қазақтың тілі шырын» дейді. Біріне-бірі өмір бойы ғашық бір туған халықпыз. Бір дарияның екі жағасындай, тонның екі бауындай, құстың қос қанатындай егіз, бір жырдың екі тармағындай ұйқасқан, ұйысқан елміз. Дәйім бірін-бірі сағынып тұратын елміз.

Қырғыздың бұл дүниеге келгенде «ата», «апа», «нан», «тау», «ат», «қомуз», «Манас» деп, одан кейін «қазақ» деп тілі шықса керек. Қазақ баласы ұлы далада домбырасының қоңыр үнінен кейін қомуздың сыңғырлақ үнін тыңдаса керек. Екі елдің алғашқы тойында қазақ пен қырғыздың қос ақыны жыр нөсерін төксе керек. Егіз елдің байырғы салттары, киген ұлт¬¬тық киімдері, ішкен асы, ай мен күн¬ге қарап жасаған жорамалдары, тіпті көр¬ген түстері де ұқсас болуы керек деп ойлаймын. Екі елдің достығын әйгілейтін небір оқиғалар, аңыздар, әңгімелер айтылып келеді.

Қазақ пен қырғыздың нақты досты¬ғы¬ның символы ретінде ұлы манасшы Саяқбай Қаралаев пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің достық баянын қал-қадерімше айтып берсем деймін.

Бұл – достықтың ғана емес, адамгер¬шіліктің, талантты, ұлықты, ұлы адамның сыйластығының үлгісі. Дастарқан басында жүйелі сөйлеп, сөзге қонақ беріп, сөз падишасын сыйлаудың ұлағатты дәрісі. Әңгімені әріден бастайын.

                                 Мұхтар Әуезовтің бағасы

«Манаста» қазақ-қырғыз достығы: «Ақ бөкеннің қылындай суырылысқан, Ақ бидайдың ұнындай жұғысқан егіз ел» деп айтылады емес пе?!

Қазақ елінің ғана емес, тұтас түркі әдебиетінің байлығы саналатын «Манас» эпосы мен Шыңғыс Айтматовқа таудай еңбегі өткен Мұхтар Әуезов кезінде Саяқбай Қаралаевпен бірінші рет 1928 жылы танысып, бара-бара жұлдыздары жарасып, мүдделес болып, дембіл-дембіл жолығысып, оны айтасыз, ол туралы эпикалық шығарма жазсам деген ниетте болған екен. Фрунзеге, Ыстық-Көлге келген сайын ұлы манасшыны алдырып, құмары қанғанша қайта-қайта тыңдап, қайыра тамсанып «Дүниеде Саяқбаймен теңдесетін өнер жоқ қой. Осы баға жетпес кенішті көтеріңдер, не деген керемет өнер» деп, кемеңгер дастаншыны өзінен де биік қойып сыйлайды екен. Кейде әзілге салып «Сәкеңді көргенде қисық сөйлегім келіп тұрады» деп күлдіріп, тиісе де отырады екен.

1956 жылы Алматыда Қырғыз әде¬бие¬тінің декадасы өтіп, оған Мұхтар аға Әуезовтің тікелей шақыртуымен Саяқ¬бай Қаралаев та қатысады. Өзге қаты¬сушылардың өнері бір төбе де, Сәкеңнің «Манасты» айтқаны бір төбе болғаны бүгінге дейін ел ішінде аңыз боп айтылып жүр.

Декаданы үлкен жазушы Мұхтар Әуе¬зовтің өзі ашып, қырғыз және қазақ елі¬нің тарихи, рухани байланыстары ту¬ралы, келген өзге де таланттар жө¬нінде, одан кейін манасшылыққа қа¬тыс¬ты көл-көсір сөз айтады. «Манас» эпо¬сының дүниежүзілік мәні жайында айта келіп, Саяқбай Қаралаев хақында толқындап, толқып сөйлейді: «Осы ұлы адам шалқыған дастандарды тудырған заманның соңы ғой. Еуропалықтардың сөзімен айтқанда «Могиканның соңғы тұяғы». Бұдан былай мұндай дастаншы тумайды. Осы алып адамды қазақ халқы көріп қалсын деп әдейі алдырып отырмын. Сәкеңді жақсылап көріп алың¬дар. Қазір Сәкемнің өзі де шығып, дас¬таннан үзінді айтып береді. Манас – өзінше бір шалқып жатқан поэзияның мұхитын елестетеді ғой. Осыны тыңдап, Сәкеңнің өнерін де, өзін де, сөзін де еске сақтап алыңдар, - дей келе, манасшыны ел алдына шығарады. Мұхтар Әуезовтің сөзінен әсерленген көрермендер манасшы сахнаға шығып келе жатса, құдды бір алп-алп басқан алып келе жатқандай қол соғып, тұрып қарсы алады. Ұлы жа¬зушының сөзі дем берді ме, я бабында тұрған шағы ма екен, Сәкең Тайторының шабысын кейде құйындай құйғытты¬рып, бірде сәйгүліктей жүйткітеді. Сә¬кең алты ғасыр алтын құтыға сақтаған асыл дүниесін ашқандай, ақ маржанын шаш¬қандай болады. Қырғыз көрген азапты қазақ халқы да өз басынан кешіріп жатқан секілді, жүрегі сыздап, арқасы мұздап сала береді елдің.

Осында бір қазақ жазушысы «қыр¬ғыз¬да қомуш болса, бізде домбыра бар, сіздерде Тоқтағұл болса, бізде Жам¬был бар, бірақ сіздер Манаспен ұлы екен¬сіздер» дегенде, Сәкең сол заматта «Манас – қазақ-қырғыз еліне ортақ батыр» деген екен.

Мұхтар Әуезов сонау КСРО заманында сөзі өтімді, абыройлы адамдардың бірі болған. Қай өлкеге бармасын, оқыр¬¬мандармен жолыққанда әрдайым Саяқ¬бай жөнінде тамсана сөз бастап, таң¬ғалып «Бұл кісі дәу ғой өзі, дәу ғой» деп, қойдың асығындай ғана қоңыр шал¬ды көтермелеп, «біздің дәуіміз осы» деп ат қойып, айбынын асырып жүрген. Мәселен Франция мен Америкаға бар¬ған іссапарында Саяқбай туралы айтып, Үндістан президенті, философ Радхак¬ришнанмен кездесуінде тағы да қайталап айтуы Әуезовтің Сәкеңе, Манасқа деген үлкен сый-құрметінің дәлелі. Қырғыз ғалымы М.Мамыровпен жо¬лығуында «Саяқбайға «академик» ата¬ғын неге бермейсіңдер? Одан асқан қан¬дай академик бар?» деп, наразы көңі¬лін білдірген екен. «Манасқа» арнап «қырғыз елінің батырлық эпосы» деген үлкен ғылыми еңбегін де жазған. Келе¬шекте Саяқбай жайлы роман жазсам дейді екен.

Қырғыздың халық ақыны Қуба¬ныч¬бек Маликов пен ұлы жазушы Мұхтар Әуе¬зов дастарқан басында отырып, қыр¬ғыз, қазақ елінің ақындық өнері жөнінде әңгіме-дүкен құрады, сонда Мұхтар аға: «Ол енді Манастың миллион жыр жолын бір басына сыйғызып отырған Саяқбай Қаралаевты туған ұлттың ақындығы, әрине күшті болады ғой» деп, Сәкең ар¬қылы қырғыз елінің жыршылық дарыны¬на тағы бір үлкен баға берген екен.

Сондай бір кезде қырғыздың кей сөз¬деріне сүйсініп, қазақ «туды», «ұл тап¬ты» деп айтады. Бұған қарағанда қыр¬ғыздың «төрөдү» («босанды») деген сөзі не деген керемет, көркем емес пе! Осы «төрөдү» деген қырғыздың сөзін қазақтың әдеби тіліне кіргізсе, қандай әдемі болар еді, қырғыз тілі сонша бай, ұғымды, жағымды, бір сөзін қайталап екі қолданбастан, құмдай сапыруға ұста» деп сүйсінген екен.

1967 жылдан бастап Мұхтар Әуе¬зов¬тің көмегімен Қазақ Академиясы эпосқа көп көңіл бөлді. Екі жігіт Сәкеңнің «Ма¬на¬сын», отырып, тұрғанына дейін, шежі¬ресін түгел жазып алыпты. Одан соң қа¬зақтар 17 мың рубль көлемінде авторлық қаламақы беріпті. Бұл сол тұста үлкен ақша еді. Сәкең де қазақ жігіттерімен әскер қатарында бірге болғанда үйреніп алған¬ға ұқсайды, ескі қазақ ақындарының өлеңдерін, қазақ еліндегі белгілі адамдармен бірге өткерген оқиғаларын бояуын қалыңдатып, қалжыңға жығып айтып беріп отыратын. Әсіресе, Абайдың жырларын өзіне тән ырғағымен күпілдетіп көпке дейін айтып жүрді.

               «Тірілердің мұхиты»

Бір жолы тағы да Сәкеңе күпілдетіп «Манасты» айттырып, жаздырып жат¬қанда жазушылар Абдымомунов, Жан¬төшев, Маликовтар маңдайы жарқы¬раған бір кісімен радио студиясына кі¬ріп келді. Арасындағы бірі Сәкеңді тоқ¬татпақ болды. Сонда әлгі маңдайы жар¬қыраған кісі қазақшалап «Тиме, ти¬меші, түш» деп, қолымен белгі беріп, «шошытпаңдар, пәлі, ақсақал бабында екен ғой. Құдай қырғызға берген екен Сәкеңді. Мұндай сұмдық дүниеде жоқ қой» деп, студияның ішіне кірмей, әйнектің арғы жағынан айналайынын айтып, «Ой-бой, не деген керемет! Осы кісінің тырнағына татыр ма екенбіз» депті. Бір кезде Сәкең де жаздырып болып, әлгі кісіні көрсе, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов екен, Мұхаң микрофонға келіп: «Сәке, көлім сіз бе десем, кемерінен асқан мұхитым екенсіз, біз келдік» дейді. Сәкең терін шалғайлап, шала-пұла сүртіп: «Мұхаң келді дегенше, қазағым келді десейші» деп әке мен баладай қауышып, құшақтасады. Бірінің бірі арқасынан қағысады.

Мұхтар Әуезов Жантөшевке қа¬рап: «Бұл кісі тірілердің жалғыз мұ-хиты ғой. Құдайдың бір ерекше жарат¬қан кісісі ғой. Осы кісінің қадірін біле ал¬дыңдар ма екен?» деп таңдай қа¬ға¬ды. Студиядағы қызметкер Тұрсын Ура¬лиевке «Бір жақсы шаруаның басында екенсіңдер, ұлы кісінің дауысын пленкаға жазғандарың өте жақсы. Енді осы дауыс ұрпақтың құлағында қалады, саған рахмет» дейді.

Сәкең күлдірмек болып «Бұл кісі бір қоймас сарт екен, жанымды алды ғой» дей бергенде, «Сен бұған шамданба, кейде осындай бір жыны бар, жақсы көрген адамын солай бір сөгіп алады» деп маған басу айтты, дейді радиожурналист Тұрсын Уралиев.

Сосын Маликовке қарап «Көлікте дәм бар еді» деді. Бір заматта дастарқан жайылып, үсті асқа толды. Шұжық, қазы-қарта, ет, бауырсақ, арақ-шарабы да бар.

Мұхтар Әуезов бүгін Бірінші секре¬тарь И. Раззаковқа жолыққанын, ол кісіден «Саяқбайды он күнге Көлге алып кетейін» деп ұлықсат сұрағанын айтып отырды. Уралиевке қайырылып: «Енді ұлықсат болса, мен Сәкеңді алып кетейін» деді. Үлкен кісіге ұлықсат емес деп қалай айтсын. Бесінге дейін студияда отырып «Енді, Сәке, үйге соғып, киініп аласыз ба, әлде тура тартамыз ба?» дегенде, Сәкең де Мұхаңды сағынып қалса керек «Тура кете берем» деді. Исхақ Раззақовтың кемеңгерлігін көрмейсіз бе, сол заманда көп-көрім қыз¬метіне қарамай ұлы манасшыны жаздырып қалуға өзі де құлшына кіріскен.

Мұхтар Әуезовтің адамгершілігін көрмейсіз бе, атақ-даңқын алдына салып манасшыға бірден келмей, әуелі пар¬қын сақтап Раззақовтан ұлықсат алып барғанын. Осылайша Сәкең Мұхтар Омархан¬ұлымен тура он екі күн Ыстық-Көлде бірге болып қайтты.

                                          * * *

Бірі қазақ, екіншісі қырғыз, бірі жер ортасында, бірі қария, бірі тоқтамды, бірі бүркіт мінезді, бірі интеллигент, бірі ауылдың адамы, сырттай қарағанда – тү¬йіспес екі басқа әлем. Бірақ екеуін егіз етіп, ажырамас¬тай біріктіріп тұрған бір күш бар, ол – «Ма¬нас» қасиеті. Бірі ғылымдағы манасшы, бірі – ғаламдағы манасшы. Мың жылдар бойы айғайлай айты¬лып келген «Манас» енді ғылымның тіліне тү¬сіп, басқа тілдерге тәржімаланып, әле쬬де «манастану» ғылымы дүниеге кел¬ді. Мың жылдар бойы текке ағып жатқан Нарын дариясы буылып, ГЭС құрылып, жүз мыңдаған үйлерге жарық бергендей жай еді бұл. Мың жылдар ауызша тараған әуен нотаға түскендей еді.

Мұхтар Әуезовтің «Киргизский герои¬ческий эпос «Манас» деген академиялық еңбегінен кейін «Манастың» ғылымдағы жаңа дәуірі басталды. Манасшылар, олардың ерекшеліктері, қалай жырланады, қалай айтылады, нендей күш түрткі болады, қандай қасиеті бар екенін ғалым терең талдады. «Манасты» ертегі дегендер енді оның мағынасы ғылыми талдауды талап ететін шалқыған бір дүние екенін түсінді.

М. Әуезов бастаған жолды жалғап, қазір «Манас» эпосы бойынша жүздеген ғылым кандидаттары, докторлары шық¬ты, ең маңыздысы – «Манас» академиясы жұмыс істей бастады. «Манасоведение» ғылымының іргетасын қалаған Мұхтар Әуезов екеніне ешкімнің таласы жоқ. ...Не деген дарқандық!

                                                * * *

«Манасты» алғаш зерттеген филолог, әдебиетші Зияш Бектенов қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің кезінде Саяқбай Қаралаевты қалай сыйлағанын былайша еске алады: Бір күні Мұхтар Омарханұлы және Саяқбай Қаралаевпен бірге бір үйде қо¬нақта отырғанбыз, Мұхаңның сұрауы бойынша Сәкең «Манастың» Қаныкейдің Тайторысы шапқан жерінен жарты сағат айтты да, Қаныкейдің образына енген тұсында кәдімгідей жылады. Бұл жағдай Мұхаңа қатты әсер етті. Мұх¬тар Омарханұлы: «Апырм-ау, осы Сәкем¬нің көзі кетсе, «Манасты» Саяқ¬байдың өзіндей жеріне жеткізе айтар шәкірті қалар ма екен?» деді. Қырғыз фольклорының түрлі жанрларынан және «Манастан» үзінді айтқызғанды жақсы көретін Мұхтар ағамыз: «Бұл адам түркі елінде сирек кездесетін талант, тамаша ақын, Сәкеңмен салыстырғанда гректің Гомері де аласа көрінеді» деп, Сәкемнің талантын жоғары бағалап отырды.

Зерттеуші, мәдениетке еңбегі сіңген қайраткер Балбай Алагушев бұл туралы былайша жазады: 1959 жылы Сәкем Мәскеуде өт¬кен Халық шығармашылығына арнал-ған Бүкіл дүниежүзілік жиынның қатысу¬шы¬ларына, шетелдік меймандарға «Ма¬нас¬тағы» бас қаһарманның бірі Семетей жөнінде үзінді айтып береді. Бұл жиынға Әуезов те қатысады.

Сәкемнің жасы келіп қалса да, алпысында шапқан Тайторыдай бұрқан-тарқан болып айтқан шеберлігіне Мұхтар аға қалай қуанғаны жөнінде әдебиетші Е.Лизунова: «Манасшы тоқтағанда, шат-шадыман болған елдің айғай-сүреңінен залдың іші жаңғырығып кетті. Өзі де жау жарағын байланған байырғының батырларына ұқсайтын Саяқбай Қаралаевты жапон, араб, швед, америкалықтар, не¬міс, француз, түрік, үндістандықтар жап¬пай құттықтап жатты, қарт досының мерейіне Мұхтар Омарханұлы маңдайы жарқырап қуанды», деп тамсанып жазады.

Тоба-ай, Мұхам мен Сәкем бірін-бірі аса құрметтеп, сыйласып, қуаныштарын тең бөлісіп жүрді. Сәкем әрдайым жүр¬се-тұрса да: «Мұхтардай жомарт адам бір ғасырда бір туады. Өзі қазақ болса да, қырғыздың «Манасын» көздің қарашығындай сақтап қалу үшін өз кезе¬гінде жан аямай күресті.

Егер де Мұхаң болмаса, «Манасы¬мыздың» тағдыры не боларын бір құдай ғана біледі. Мен Мұхаңның алып жазушылығына, ұлы білімпаздығына, пендеде жоқ дарқандығына үлкен басымды кішірейте әрдайым тағзым етем», деп аузынан тастамай өзгеше құр-мет¬тейтін.

Ал тағы бір қазақ жазушысы, Абай атын¬дағы Мемлекеттік сыйлықтың лау¬реаты Әбділда Тәжібаев 1936 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы совхоздың директорының бесік тойында бір шоғыр қаламгерлер дастархандас боп отырғанда, Мұхаң қолына қаламы мен қағазын алып, әр нәрсені сұрап отырды дейді.

– Сүйінбай туралы не білесіз? Тезек¬пенен болған айтысы есіңізде ме? Сау¬рық¬ты кім жырлаған? Сұраншыны алғаш кім жазып алды? – деген секілді сауал¬дарды үсті-үстіне қойып, жауаптарын дереу жазып алып, кейде дүдәмал тұс¬тары болса, дауласып та қалады. Қырғыз елінде қандай астар өткенін, онда қан¬ша ат жарысқа түсіп, қанша балуан күрес¬кенін, кімдердің бәйге алғанына дейін жазады.

– «Манасты» қазақтан Жамбыл да жырлаған, Кенен де айтқан, – дегенді естігенде Мұхаңның қалай қуанғаны көз алдымда. Ол шапшаң жазып, адам, жер аттарын пысықтап, қайта-қайта сұрап алып отырды. Себебі «Манасты» қазақ елі әрқашан өзгенікі емес, өзіміздің жыр деп санап келген.

                                            * * *

...Кезінде Қырғыз КСР-інің Орталық коми¬тетінің ұйымдастыру бөлімі басшы¬сының орынбасары қызметіне дейін көтерілген Кутба Бакировна Даниярова қазір тоқсан жасқа таяп қалды.

Бірде маған жұбайы ғылым докторы А.Орузбаев екеуі жас кездерінде көл жа¬ғасында жүріп, қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовпен кездесіп, бірге түскен суретін көрсетіп, былайша естелік айтты: – 1958 жылы көл жағасында Мұхтар Омарханұлымен кездесіп қалдық. Жаз¬ды¬гүні көл жағасында күн ыстық, демал¬ған адам қарасы көп. Жолда көлік те қырғын. Осы жағдайға мазасызданған Мұхтар Әуезов Рыбачье-Бостери электр пойызы үшін жол салу мәселесі бойынша Мәскеуге дейін хат жазғанын баяндап берді.

Сонда маған М.Әуезов: «Егер маған қайта туу бақыты бұйырар болса, мен өзім ұнатқан Ыстық-Көлді таңдар едім» дегендей болды.

Одан бері қанша жыл өтті. Балыкчы-Бостери жолына көлік шыдас бермейді. Бірақ ұлы жазушы көрегендік қылып көтерген мәселе әлі шешімін тап¬қан жоқ.

Мұхтар Әуезовтің сол кезде Кутба Даниярованың отбасымен жақын бо¬луының мынадай бір сыры бар. Атасы Бәкір¬дің бір туғаны Базарқұл Данияров Қырғызстанда ашылған алғашқы Қыр¬ғыз Ағарту институтының директоры, кезінде 1937 жылы, ұлтшыл «Социал-Тұран партиясының мүшесі» деген жал¬ған айып¬пен репрессияға ұшырап, 1942 жылы түрмеде көз жұмған. Ал 1924 жылы Халинов Хусейин қы¬зы Ғафиғаға үйленген. Оның аса сым¬батты Фатима есімді сіңлісі болған. 1928-1930 жылдары Мұхтар Әуезов Фрунзеге келіп, әрдайым Базарқұл Да¬нияровтың үйіне түсіп, бірнеше ай бойы «Манас» эпосының Сағынбай Оразбақов нұсқа¬сын зерттеп, ғылыми жұмысын ¬даярлап жүрген.

Ертелі-кеш Дзержинский (қазіргі Ер¬кіндік) көшесінде Мұхтар Әуезов, Базар¬құл Данияров, әйелі және балдызы киноға барып, серуендеп жүреді екен.

Сонда көрген-білгендерін айтуынша, ұлы жазушы мен Фатиманың жұлдызы жарасып, тату бір мәмілеге келіп жүрген шағы екен.

Екі жылға жетпей 1930 жылы Ленин¬град университетінде Мұхтар Әуе¬зов «Қырғыз елінің батырлық жыры «Манас» эпосы» деген тақырыпта ғы¬лыми диссертациясын абыроймен қор¬ғайды.

Бұған дейін жыр тілімен ғана мәшһүр болып келген ұлы эпос алғаш рет ғылым тілінде сөйлей бастайды. Оның авторы – қазақ пен қырғызды бөліп-жа¬рып қарамаған ұлы адам – Мұхтар Омар¬ханұлы Әуезов еді.

Биыл Қырғыз Республикасының егемендік алғанына 30 жыл толады. Егемен өлкеміздің орталығы – Бішкек қаласы. Бішкектің дәл ортасында, жү¬ре¬гінде екі алып тұлғаның ескерткіші ор¬на¬тылған. Бірі – Саяқбай Қаралаев, екін¬¬шісі – Мұхтар Әуезов. Кейде қазіргі манас-шылар күпілдетіп Манас айтып жатса, дарқан Манастың жүрегі соғып жатқандай әсерге бөлейді.

Егемен Қырғызстаным мен тәуелсіз Қазақстанның да жүрегі мәңгілік соғып тұрса екен. Екі өлкенің арасын тау бөлсе де, жау бөлмесін!

Каныбек Иманалиев,

Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты

https://egemen.kz/article/283827-taulardynh-dostyghy

Егемен Қазақстан.- 05.08.2021 ж.