Экспедиции «БУГОР»

Всего статей в разделе: 40
27.07.2019
Просмотров: 1289

ТАБАЛДЫРЫҚ

Мынадай бір аңыз бар.

Адам ата Қағбаның іргесін қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбаға құлшылық жасап, ескірген жерін жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті.

Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бірінші болып қонаққа келген Құт Шиштен үйден орын беруін сұрайды. Шиш: «Қалаған жеріңе қоныстан!» – дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Сондықтан ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталған екен.

ТАБАЛДЫРЫҚ

Кешегі күн жиналған қауым үшін көңілден де, көкіректен де кетпейтін, қашанда көз алдыңа қайтары таусылмайтын Күн болды. Мұрат Әуез, Марат Сембі, Алтай, Қайрат Қадыржановтар, Ағылаш Тайжан, Зифа Қарақұлова, Бекдәулет және Зүбәйда Дүйсепа бастаған бүгінгі «жастұлпарлықтар» өздерінің өмірден озған аға-іні үзеңгілес, әріптес достары – марқұм жастұлпарлықтарға Құран-дұға бағыштап, қасиетті ТАБАЛДЫРЫҚҚА табан тіреді. Тұлпарлықтардың табан тіреп, тәу етіп, бас иіп, тағзым етіп, марқұм достарына құран бағыштап келген қасиетті ТАБАЛДЫРЫҒЫ – Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Ақбұлақ» ауылында орналасқан Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев атамыздың мешіті.

Табалдырық – қай қазаққа болса да, қасиетті ұғым. Табалдырық – бар нәрсенің бастауы, болашақтың адалбақаны, келешек керегесінің тіреуі. Мағжан Жұмабаевтың да өзінің ұлттық көркем ойға теориялық негіз беріп, оны жаңа сапа, жаңа сатыға көтерген ұлы туындысы – Манифесін «ТАБАЛДЫРЫҚ» деп атауы бұл ұғымның қасиеттілігінде. Сонау 1963 жылдың қақап тұрған қарлы-мұзды қаңтар айында Мәскеу қаласында оқып жатқан студент жастар «Жас тұлпар» атты қоғамдық ұйым құрды. Бас-аяғы бірер жылдың ішінде тұлпарлықтардың тұяғы Ленинград, Киев, Харьков, Омск, Алматы қалаларында дүбірлеп кетті.

Студент кездерінде Қазақстанның тың өлкелелерінен бастау алып, оңтүстік-батыс-шығыс өңірлерін түгелге жуық аралаған тұлпарлықтар еліміздің астанасы Алматы қаласына орала сала, еліміздің рухани-мәдени-парасатты ортасындағы дүлдүл аға-достарымен бірге тұлпарлықтар идеясын толықтырып, байыта түсті. Сондықтан да, тұлпарлықтардың барлық бастамаларының басы-қасында бірге болып, оған барынша ғылыми-этнографиялық-саяси-тарихи-поэтикалық-сазды-көркем үн қосқан Алан Медоев, Герольд Бельгер, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Асқар Сүлейменов, Салихитдин Айтбаев, Сержан Ақынжанов сияқты алыптар жастұлпарлықтарға дүлдүл дүбірлерімен барынша үн қосып, әрдайым үзеңгілес тұлпарлықтар болған еді.

Тарихшы Марат Сембі жасаған тізім бойынша (достары бұл тізімді Сембі тізімі, яғни «Список Сембина» деп атап кетті) марқұм тұлпарлықтардың саны алпыстан асып жығылады екен. Мешіт имамы құран оқып болғаннан кейін, Марат аға өзінің әйгілі «левитандық» даусымен тізімді оқи бастаған сәтте еліміздің бүкіл тарихы көз алдымыздан өткендей болды. Аталған әр есімнің әр жағында халқымыздың бүкіл рухани қазынасы, жастығының жалыны, тұлпарының тұяғының ізі мен дүбірі жатқандай.

«Жастұлпарлықтардың» басына сын сағаты туған сәттерде кеңестік қаһардан арашалап қалған, жала жауып, арызданып келгендерге «Олар – біздің болашағымыз. Жайларыңа жүріңдер, ... қысып. Тиіспеңдер оларға!» -деп қаһарын төге сөйлеген Дінмұхамед Қонаевтың әруағына арналып та құран бағышталды. Тұлпарлықтар Атамыздың мешітіне Мұхамед пайғамдардың көркем 99 есімі ойылып жазылған әдемі сыйлық сыйлады. Өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабында «Қазақ әруақ аттамаған. Тіршілігінде ата-анасын ардақтай білген халық солардың ең ізгі қасиеттерін ертеңгі ұрпақ бойына сіңіре білген. Біздің ұлылығымыз да осында. Олардың рухы қолдап, желеп-жебейді дегенге өз басым имандай сенетінмін. Және қайда бармайын, киеі жерлерге, қасиетті бабаларымыздың басын барып, зиярат етпей қайтпайтынмын» - деп жазған Дінмұхамед Қонаев атамыз атындағы мешіттің ашылуына бірден-бір ұйытқы болған азамат Дәулет Әбенов мырзаға атамыздың әруағы риза болғай демекпіз! Дәулет мырзаның өзінің 45 жылдан аса отасып келе жатқан жұбайымен неке қию рәсімін осы күнге орайластыруы да Димаш атамыз бен барша жастұлпарлықтарға деген құрметі болды.

Қасиетті ТАБАЛДЫРЫҚҚА тағзым етушілердің табаны тозбағай!

Тәуелсіздігіміздің тұғыры болған тұлпарлықтардың тұяғының дүбірі үзілмегей!

Калдыгул Жаныбаева