Экспедиции «БУГОР»
Қордай. Масаншы сапары
АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ
Бала кезімізде көп еститін мақалдардың бірі еді. Баламыз, сөздің мән-мағынасын толық ұқпасақ та, осы үш сөзден құралған мақалдың әсері мықты болатын еді... Сәл-пәл қулыққа салып, жасырып, өтірік қосқан жерлеріміз болса, «ауру, өлім» деген сөздерден қорыққаннан ба, әлде өзіңнің өтірігіңнен қысылғаннан ба, білмеймін, әйтеуір, осы сөздерді естігенде, бар шындығымызды айтып, жайып салатын едік. Әсері мықты болушы еді. Қордайдағы қанды қырғын болғалы бері түн ұйқысы, күн күлкісі бұзылған Мұрат Мұхтарұлының «Болмайды, әркімнің бір әңгімесін тыңдап, кімге сенеріңді, нені ақтап, нені даттарыңды білмей отыра алмаймын. Не болса да, елге барып, ортасында болып, көзбен көріп, көкірекке түйіп келсем деймін. Жүресің бе?» -деген бір ауыз сөзі толып жатқан жобалар мен қырғын қағаздың қоршауында отырған мені отырған жерімнен жұлып алғандай болды. «Бауырым Мұсырқұл, іргедегі жағдайды естіп жатырсың. Барып, өз көзіммен көрсем деп едім. Уақытың болса, қырғыз жақтан өзің келіп қосылсаң?..» деген Мұрат ағаның өтінішіне телефонның арғы жағынан «Аға, сіздің бірауыз сөзіңіз. Қай жерде, қашан кездесеміз?»- деген мығым дауыс шықты. Бұл қырғыз-қазаққа бірдей танымал журналист Мұсырқұл Қабылбековтің даусы еді.
Сөйтіп, жексенбі күні таңғы сағат тоғызда Қордайды беттеп жолға шықтық. Мақсат – бірін жақтап, екіншісін даттау емес, мақсат – болған оқиғадан кейінгі халықтың көңіл-күйімен танысып, қайғы-мұңына ортақтасу. Қордай асуынан өтіп, Қарасу ауылына бұрылар тұста Мұсекеңмен кездесіп, Масаншы селосына қарай бет бұрдық. Ауыл жан-жағынан да, ішінен де түгел әскерилермен қоршалған, кіреберісте көліктің құжаттарынан бастап, көліктегі жолаушылардың құжаттарын түгел тексеріп, тіркегеннен кейін ауылға кірдік. Қаланың орталық көшесімен жүріп келеміз. Көшенің орта тұсына жеткенше, қаптап жүрген әскерилер мен милиция қызметкерлері болмаса, басқа ештеңеден осыдан оншақты күн бұрын болған қақтығыстың ізін көрмедік. Тек орта тұсына жете бергенде ғана, есік-терезесі жабық машинаның ішіне күйіктің иісі келе бастады, он шақты күн өтсе де, күйіктің иісі әлі кетпеген. Өртелген ғимараттар, дүкен, шаруашылық мекемелері, машиналар. Бәрі бір көшенің бойы. Қорқынышты көрініс. Құдды бір соғыс болған жер сияқты. Басқа жерде, басқа елде күтсең де, Қазақстанда күтпеген көрініс.
Жолай бірер адамнан жөн сұрасып, суретке түсірген соң, Масаншымен іргелес, тіпті бір көшенің бойымен жалғасып жатқан Қаракемер ауылындағы Мұсекеңнің бір ағайындарының үйіне тоқтадық. Мал бағып, егін егіп, саудасын жасап, тірлік етіп жатқан қарапайым, шаруа отбасы екен. Әңгіменің негізі осы дастархан басында өрбіді. Шаруа адамы, еш қылтың-сылтың, бұралаңы жоқ нақты әңгіме. Дүнгендердің кейбір қылықтарына ызаланып, кейбір мінездерін ризашылықпен баяндайды, ең бастысы, ол халыққа деген қайтпас кек, өш дегеннің ізі де жоқ.
Қайтар жолда Қаракемер ауылын айналып өтіп, Масаншымен жалғасып жатқан Бұлар, Сортөбе, Ауқатты деген ауылдардың үстімен жүріп өттік. Қақтығыс өрті бұл ауылдарды да аздап шарпып өткен екен, көп зардап шеккен Масаншы ауылы екен. Көшеде жүрген халық жоқтың қасы, мектептен қайтқан дүнген балалар мен бірен-саран ересектері ғана кезігеді. Менің – бұл ауылдарда бірінші рет болуым. Әсіресе, Сортөбенің орталық көшесімен өтіп бара жатып, сізге өтірік, маған шын, Қытайдың бір провинциясына тап болғандай сезініп, денем суып сала берді. Өте үлкен ауыл, дүнген халқы шоғырланып орналасқан Масаншы, Бұлар, Сортөбе, Ауқатты елді мекендерінің территориясы, оларға егіндіктердің, шаруашылық жерлерді қосқанда, орасан зор территория. Мемлекет ішіндегі кішігірім мемлекет. Олардың қытай тілінде, Қытай мемлекетінің қаржысына шығарылатын газеті бар, ол газеттегі мақалалардың не қазақ тілінде, не орыс тілінде аудармасы жоқ, мешітте барлығы қытай тілінде өтеді. Оларда қандай әңгімелер болып, қандай насихаттар жүргізіліп жатыр? Ешкімнің шаруасы жоқ. Билік қайда, мемлекет қайда, қауіпсіздік кеңесі қайда? Бұл не деген сұмдық? Қазақ дүнгеннің, дүнген қазақтың мешітіне бармайды, қора-қопсы, тіпті, бейіттеріне дейін бөлек. Міне, біздегі халықтар достығы! Ал ассмаблея ән салып, би билеп, қызық қуып жүр.
Қаракемерде тоқтаған үйдің иесі айтқан әңгімесі еске түсті: «Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын жергілікті дүнгендер мен қазақтардың арасында жер дауы болып, әбден қысылған дүнгендер Жетісудың әйгілі биі Ноғайбай шешенге келіп: «Міне, ат тұяғындай алтының! Біз қырылатын болдық, билігіңді айтып, шешіп бер!» -дегенде, биекең алтынды алып, қазақтың жаз жайлау, қыс қыстауына да, дүнгеннің егіндігіне де қысаңдық жасамайтындай етіп, жер дауын шешіп берген екен. Мына коррупция деген пәле сол аталарымыздан бері келе жатыр екен ғой, өзі! (күліп қояды) Бірақ марқұм аталарымыздың әр сөзінде әділдік, елге жанашырлық бар еді ғой! Бүгінгінің бәрі сатылған!» -деген сөздерінде бүкіл проблеманың негізі жатыр еді.
Осы қанды қақтығыста қаза болған бейбіт халықтың жасамаған ғұмырын, орындалмай кеткен арманын ешкім қайтара алмайды. Бұл – қазақ пен дүнгеннің немесе тағы басқа ұлттардың немесе жекелеген адамдардың проблемасы емес. Бұл бүгінгі жүйе мен биліктің әбден шегіне жетіп, шіріп біткендігінің көрсеткіші. Заң-зәкүні сатылған, билік жүйесі шіріген мемлекеттік жүйенің әбден айықпас ауруға шалдыққанының белгісі. Халық қолына қару ұстап көшеге қай кезде шығады? Барар жері, басар тауы таусылып, басқаша жол қалмай, тығырыққа тірелгенде ғана шығады? Ноғайбайдай биінің орнын Нұрсұлтандай алаяқтар басып, жаулаған кезде ғана шығады. Сондықтан бұл трагедия, қанды қырғын Нұрсұлтан Назарбаев және оның жандайшап құлдары басқарған ауру қоғамның, науқас биліктің, оның сорлы, сырқат саясатының күнәсі, бүкіл халқының алдындағы күнәсі, кешірілмейтін күнәсі. Билік әлі де бұл қақтығысқа «тұрмыстық конфликт, тәртіп бұзған бұзақылар мен арандатушылардың әрекеті» деп баға берген болады. Бұл да өлермен биліктің ауруын жасырған түрі.
Қазақ бекер айтпаған: АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ.
жалғасы бар...
-
Экспедиции «БУГОР»Роза Отунбаева Алматыда03.01.2021Мұхтар Әуезовтің Музей-Үйінде және Ботаникалық бақта
-
Экспедиции «БУГОР»Порывистая поступь «Жас тулпара»29.12.2020Накануне Дня Независимости Казахстана в Анкаре на турецком языке вышла книга писателя Амиржана Альпеисова «Жас тұлпар».
-
Экспедиции «БУГОР»«АБАЙ ЖОЛЫ» ТЕЛЕХИКАЯСЫ29.12.2020
-
Экспедиции «БУГОР»Литература Казахстана XX века (Global Art)17.10.2020
-
Экспедиции «БУГОР»02.08.2020Әке рухына Тағзым
-
Экспедиции «БУГОР»Әуезов Америкада24.06.2020
-
Экспедиции «БУГОР»ЭВОЛЮЦИЯ РЕЛИГИЙ28.05.2020